ӨНДІРІСТІ ӨРКЕНДЕТУ ІСІ ЖЕРГІЛІКТІ ӘКІМДІКТІҢ НАЗАРЫНДА
Индустриалды аймақтар өңірдің ғана емес жалпы елдің экономикалық тұрғыда алға жылжуына сеп болады. Осы орайда, үшінші мегаполис аумағында бірнеше индустриалды аймақ жұмыс істеп жатыр. Бүгінде ауыл шаруашылығын дамыту бағытын көздейтін тағы бір индустриалды аймақты құру жұмыстары қарқын алған. Ал жұмысы жолға қойылған индустриалды аймақтарға келсек, қазынаға қыруар қаржының құйылуына сеп болуда. Мәселен, «Тассай» индустриалды аймағы Шымкент қаласындағы кәсіпкерлік салаға тың серпін беріп, жаңа кәсіпорындардың көптеп құрылуына мұрындық болып отыр. Сөз жоқ, саладағы маңызы зор орталықтың жұмысы әкімдіктің бақылауында.
Жалпы аталған индустриалды аймақта жаңадан бой көтеріп жатқан мекемелерге келсек, «Аlem luxury» ЖШС-нің құрылысы жуырда аяқталды. Жиһаз өндіретін фабрика жылына 5 мың жиһаз өндіруге қауқарлы. Аталған жобаны жүзеге асыруға 500 миллион теңге тартылған. Нақты жоспар мен атқарылған жұмыстар көп. Келесі нысан — «DentaFill Kazakhstan» ЖШС. Кәсіпкерлік нысан дәрілік және гигиеналық заттарды өндіреді. Жылына 10 миллион дана өнім шығаруға қауқары жететін мекеменің бүгінде құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта қажет құрал-жабдықтармен жабдықталып жатыр. «Smart eng» жиһаз фабрикасы да озық технологиямен жабдықталған кәсіпкерлік мекемелердің қатарына жатады. Жылына 120 мың жиһаз өндіруге әлеуеті жететін кәсіпорын жуырда ресми түрде жұмысын бастады. Нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны құрылып отыр. 2 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынның құрылысы 2021 жылы басталған. Инвестиция көлемі – 750 миллион теңге. Айта кету керек, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп тапсырған болатын. Осыған орай, Қаратау ауданында екі бірдей индустриалды аймақтарын яғни «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы және «Агроиндустрия» аймағының ашылу жұмыстары қызу басталды. “Бозарық” тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы 23 млрд.теңгені құрайтын 21 жобаны жүзеге асыруды көздей отырып, 1500 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды да қолға алмақ. Ал, “Агроиндустрия» аймағы 11 млрд.теңгені құрайтын 14 жобаны жүзеге асырса, 369 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлауда. Жалпы қорыта келгенде аталған аймақтарда 35 жоба жүзеге асырылып, 2000-ға жуық жұмыс орны ашылатын болады. Бұл көрсеткіштер өңіріміздің экономикалық дамуына серпін беретіні сөзссіз. Ал “Тассай” индустриалды аймағы қарқынды жұмыс атқаруда. Бүгінде индустриалды аймақ жұмыс істеуінің барлық кезеңдерін қамтығанда 4,6 млрд.теңге салық төлеп үлгерген.