ШЫМКЕНТ:ТҰРАН АУДАНЫНДА 13 АУЫЗ СУ БҰРҚАҒЫ ОРНАТЫЛАДЫ
Биыл Шымкент қаласы Тұран ауданы аумағында 13 ауыз су бұрқағы орнатылады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Олар Мәделі қожа — Рысқұлбеков көшелерінің қиылысы, Байтұрсынов – Бекбосынов, Момышұлы – Желтоқсан, Дулати – Рысқұлов, Темірлан тас жолы – Мангельдин, Темірлан тас жолы – Желтоқсан, Республика даңғылы – Асқаров көшесі және Темірлан тас жолы – Қожанов көшелерінде орналасады. Ауыз су бұрқағы қаланың келбетіне эстетикалық көрік қосып, жаяу жүргіншілердің шөлін басады. Себебі, су арнайы сүзгі арқылы өткізіледі. Аталған жұмыстар биылғы жылдың маусым айында басталып, шілде айында аяқталатын болады. Сондай-ақ, субұрқақтар шомылу маусымының соңына дейін жұмыс істейді. Барлық ауыз су бұрқақтары орталықтандырылған су құбырына тікелей қосылады. Ал, 2021 жылы Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында демеушілер есебінен адам көп шоғырланған 6 орынға ауызсу бұрқақтары орнатылған болатын. Айта кетейік, Шымкент қаласында қыс мезгілінде уақытша тоқтатылған ауызсу бұрқақтары қайта іске қосылды. Қазіргі таңда Әл-Фараби ауданы аумағында 9 орында субұрқақтар орналасқан: 1. Қонаев-Іляев қиылысы; 2. Арбат демалыс саябағы; 3. Түркістан көшесі №55; 4. Әл-Фараби алаңы; 5. «Моцарелло» мейрамханасының алды; 6. «Чернобыль» гүлзары; 7. «Цум» сауда үйінің алды; 8. №8 мектептің алды; 9. Тыныбаев №49. Тұрғындардың алаңсыз су ішуі үшін онда суға арналған сүзгі (АКВАФОР фильтр) қойылған. Тіршілік көзі бей-берекет ақпайды, тек қажет кезде ғана арнайы батырманы басып пайдалануға арналған. «Аптап ыстықта су бұрқақтарынан кез-келгеніміз шөл баса аламыз. Сондықтан да қала тұрғындары мен қонақтарынан ауызсу бұрқақтарын ластамай, тиісті санитарлық талаптарды сақтауды сұраймыз. Сүйікті қаламыздың көркеюіне бірге атсалысайық!», — делінген әкімдік жазбасында.