ЕСКІ БАЛАБАҚШАЛАР КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТЕДІ
Шымкент қаласында бүгінде 588 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның ішінде 517-і жекеменшік болса, 71-і мемлекеттік балабақшалар.
Қала бойынша жаңадан ашылған мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жаңа ғимараттарға орналасқан. Дегенмен, қаладағы ескі балабақшалар бұл күнде күрделі жөндеуді қажет етеді, Соның бірі құрылғанына 55 жыл болған №3 бөбекжай-бақшасы қазір күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов бөбекжай нысандарына арнайы барып, ғимарат құрылыстарын аралады. Мұрат Дүйсенбекұлы нысан басында құрылыс жұмыстарын балалар қауіпсіздігі үшін ережеге сай етіп жүргізуді ескертті.
2023 жылдың наурыз айында басталған жөндеу жұмыстары бұл күнде қарқын алған. Қос қабатты ғимараттың бала саны бойынша сыйымдылығы 163 орынды қамтиды. Мұнда бүгінде 130 бала тәрбиеленуде. Бөбекжай жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін бітіру межеленген. Сонымен қатар қаладағы №99 «Гүлдер» бөбекжай ғимараты да күрделі жөндеуден өтіп жатқанын айта кетейік. 280 орындық бөбекжайдың жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады деп жоспарланған. Айта кету керек, 2022 жылы 2-6 жас аралығындаға бүлдіршіндерді балабақшамен қамту — 76,2 пайыз, ал 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз қамту жоспарланған болатын. Былтыр Шымкентте 2710 орынға арналған 33 жекеменшік балабақша ашылып, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту жоспары толығымен орындалды. Нәтижесінде қаладағы 587 мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде кезекте тұрған 85 830 баланың 79 857-сі балабақшамен қамтылып, жалпы көрсеткіш 93 пайызға жетті. Оның ішінде, 3-6 жас аралығындағы 63 601 бала толығымен, яғни 100 пайыз мектепке дейінгі ұйымға қабылданған. Ал, 2-6 жас аралығындағы 81 314 баланың 76 619-сі балабақшамен қамтылып, бұл 94 пайызды құрап отыр. Шымкентте 2025 жылға 2-6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі сапалы тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етуді 95,2% пайызға жеткізу мақсатында жаңа 9000 орын ашу жоспарланған.