ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС ОРАСАН

72
0
Шымкентте 2023 жылдың 5 айында нәресте өлімі 20,6%-ға төмендеген. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді.
Өз сөзінде «Шымкент қаласында жалпы өлім көрсеткіші 8%-ға және нәресте өлімі 20,6%-ға төмендеді. Жыл басына бері қалада Ана өлімі тіркелмеді. Ал туберкулезден болатын өлім-жітім 66%-ға төмендесе, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 6,5%-ға төмендеді», — деді спикер. Спикердің айтуынша, сонымен қатар халыққа сапалы, уақтылы медициналық қызмет көрсету мақсатында 10 медициналық ұйым аккредиттеуден өтті. Осы жылға 17 медициналық ұйымда аккредиттеуді жүргізу жоспарда бар. Жалпы Шымкентте балаларды оңалту қызметі дамып келеді. Жыл басынан бері «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінде 162 бала қалпына келтіру және оңалту емінен өтті. Бұл туралы басқарма басшысы «Биыл сәуір айында неврологиялық және басқа да патологиясы бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған №2 оңалту орталығының базасында «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі ашылды. Ол жерде барлығы 162 бала қалпына келтіру және оңалту емінен өтті. Балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында қалалық клиникалық балалар ауруханасында 180 төсектік жаңа корпус ашылды. Төсек саны 315-тен 495-ке дейін ұлғайтылды» деп атап өтті.
Бұдан бөлек, биыл үшінші мегаполистегі №5 қалалық емхана мен №1 қалалық клиникалық аурухана ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тарқатар болсақ, 2023 жылы №5 қалалық емхана мен №1 қалалық клиникалық аурухана ғимараттарына 1, 193 млрд. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Материалдық техника базасын жақсарту мақсатында 3,5 млрд. теңге сомасына 151 бірлік медициналық техника сатып алынбақ. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласына 2023 жылға бөлінген бюджет 122,4 млрд. теңгені құрады