ЖҮРЕК АЛМАСТЫРУ ОТАСЫ СӘТТІ ӨТТІ

75
0
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков жүрегін алмастырған науқастың халін білу үшін ауруханаға арнайы барды.
Басқарма басшысы науқастың қазіргі денсаулық жағдайын сұрап, тезірек жазылып, отбасына оралуына тілеулес екенін жеткізді.
Сондай-ақ қаланың бас дәрігері пациентке жасалған транплантациялық отаның қала медицинасын дамуындағы зор жетістік екенін атап өтті. «Біздің жергілікті кардиохирургтар Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы мамандарымен бірлесіп, отаны сәтті жасап шықты. Осы орайда отаны жасаған білікті дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Қала тұрғындарының саулығын жақсартып, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барынша қызмет етеміз”-деді басқарма басшысы Н. Асылбеков. Айта кетейік, 5-шілде күні Шымкент жүрек орталығында 61 жастағы тұрғынға жүрек трансплантациясы жасалды. Ота кезінде кардиохирургтар пациентке 46 жастағы ер адамның жүрегін орнатып берді. Донорлық жүректі қайтыс болған ер кісінің туған-туыстары пайдалануға рұқсат берген. Күрделі операциядан кейін тоғызыншы күні дәрігерлер науқастың жүрек тамырына стент орнатып берді. Бүгінде пациенттің жағдайы жақсы. Жүрегін алмастырған науқас медицина мамандарының бақылауында болады. Жалпы Шымкентте балаларды оңалту қызметі дамып келеді. Жыл басынан бері «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесінде 162 бала қалпына келтіру және оңалту емінен өтті. Бұл туралы басқарма басшысы «Биыл сәуір айында неврологиялық және басқа да патологиясы бар 3 жасқа дейінгі балаларға арналған №2 оңалту орталығының базасында «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі ашылды. Ол жерде барлығы 162 бала қалпына келтіру және оңалту емінен өтті. Балаларға медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында қалалық клиникалық балалар ауруханасында 180 төсектік жаңа корпус ашылды. Төсек саны 315-тен 495-ке дейін ұлғайтылды» деп атап өтті. Бұдан бөлек, биыл үшінші мегаполистегі №5 қалалық емхана мен №1 қалалық клиникалық аурухана ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тарқатар болсақ, 2023 жылы №5 қалалық емхана мен №1 қалалық клиникалық аурухана ғимараттарына 1, 193 млрд. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Материалдық техника базасын жақсарту мақсатында 3,5 млрд. теңге сомасына 151 бірлік медициналық техника сатып алынбақ. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласына 2023 жылға бөлінген бюджет 122,4 млрд. теңгені құрады.