ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҚТАРЫ ЖЕМІСТІ ЖҰМЫС ІСТЕП КЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңірлерде «Отбасын қолдау орталықтарын» ашу жөніндегі тапсырмасы – әлеуметтік саясаттағы маңызды бетбұрыс. Бұл бастама халықтың өмірлік қиын жағдайларын жеңілдетіп қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік қауіпсіздік деңгейін арттыруға, отбасылық институтты нығайтуға бағытталған.
Түркістан облысында осы тапсырма аясында 17 аудан мен қалада толыққанды «Отбасын қолдау орталықтары» коммуналдық мемлекеттік мекемелері құрылып, жұмысын бастап кетті. Бұл – республикада алғашқылардың бірі болып басталған кешенді жоба. Жаңадан құрылған орталықтардың негізгі мақсаты – өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар мен жекелеген азаматтарға жан-жақты көмек көрсету, оларды қоғамға қайта бейімдеу және әлеуметтік қолдауға бағытталған қызметтерді шоғырландыру. Орталықтар психологиялық, заңгерлік, әлеуметтік көмек көрсетеді. Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алады. Қиын жағдайға тап болған азаматтарды қайта қоғамға бейімдейді. Мемлекеттік құрылымдармен өзара үйлесімді әрекет етуді ұйымдастырады. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы жиында орталықтардың жұмысы жан-жақты талқыланып, бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Аймақ басшысы өз сөзінде «Аудан, қалалардағы отбасын қолдау орталықтарын жеке ғимаратпен қамтамасыз етіп, олардың материалдық-техникалық базаларын жасақтаңыздар. Тұрмыстық ауыр жағдайға түскен отбасыларға жан-жақты сүйемелдеу көрсетіп, қоғамға толыққанды мүшесі ретінде қайта оралуын қамтамасыз етуді сапалы ұйымдастыру керек», – деп атап өтті. Сондай-ақ, мобильдік топтардың жұмысын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту және жауапты орынбасарлардың жұмысына бақылау күшейту – күн тәртібіндегі маңызды мәселелер ретінде көтерілді.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мированың айтуынша, 2024 жылдың басынан бері орталықтарға 4782 өтініш келіп түскен, сонымен қатар мемлекеттік органдар тарапынан 426 сигнал тіркелген. Бұл – өңірде өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтармен нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Нәтижесінде 4033 қызмет көрсетілген. Психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен заңгерлер көмек берген. Көптеген отбасыларға құқықтық және психологиялық сүйемелдеу жасалған. Облыс әкімінің тапсырмасымен бірқатар орталықтарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға арналған уақытша жатын орындар ұйымдастырылған. Мұндай әлеуметтік қолдау түрі – қоғамдағы әлсіз топтарды уақытша болса да қорғау мен қайта бейімдеудің маңызды тетігі. Алайда, кейбір аудан, қалаларда мұндай жатын орындар қарастырылмаған, бұл мәселе басымдықпен шешілуі тиіс екені баса айтылды. Себебі физикалық, моральдық және құқықтық зорлық-зомбылық көрген адамдарға уақытша паналау – жаңа өмірге бастар алғашқы қадам.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында барлық аудан, қалаларда мобильдік топтар құрылып, өз қызметін белсенді түрде жүргізіп жатыр. Бұл топтардың құрамында әлеуметтік қамсыздандыру саласының мамандары, ішкі істер органдары өкілдері, білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, қорғаншылық және қамқоршылық қызметінің өкілдері бар. Жалпы саны – 5000-ға жуық маман. Бұл – өңірдегі әлеуметтік қолдаудың ауқымдылығы мен институционалдық негізінің бар екенін білдіреді. Түркістан облысында қолға алынған «Отбасын қолдау орталықтары» – әлеуметтік саясаттағы жаңа сапа. Олар халықтың әлсіз топтарын қорғап қана қоймай, қоғамдық бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды әлеуметтік институтқа айналуда. Облыс әкімінің тапсырмасы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар нақты нәтижеге бағытталған. Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған отбасыларды қоғамнан шеттетпей, қайта бейімдеу.