ТҰРАН АУДАНЫН ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ҚҰРЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
Шымкент қаласы Тұран ауданында 21 елді мекеннің 20-сы сапалы ауыз сумен қамтылса, Құрсай шағын ауданы тіршілік нәрін кестемен тұтынып отыр. Бұл мәселені шешу үшін 2021 жылы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан құрылыс жұмысы басталған болатын. Аудан әкімдігінің берген мәліметке сәйкес, құрылыс жұмысы осы жылы аяқталып, құрсайлықтар сапалы ауыз суға қол жеткізбек. Сонымен қатар, ауданның ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр.
Ал, ауданда елді мекендерді сапалы электр қуатымен қамтылуы 99,5 пайызды құрап отыр. Бүгінде Құрсай шағынауданының жаңақұрылыс аумағын сапалы жарық жүйелерін тарту мақсатында жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмысын 2023-2024 жылы жүргізу жоспары бар. Тұран ауданында 2022 жылдың соңында Ақтас, Ақтас-2 және Ақжар, Арғымақ шағынаудандарын газдандыру құрылысы аяқталған болатын. Қазіргі уақытта «ҚазТрансГаз» тарапынан құбырларға сынама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған шағынаудандарға табиғи газ маусымына дейін беріледі екен. Ал, Айкөл, Құрсай, Жаңаталап шағынаудандарының жаңақұрылыс аумағын газдандыру үшін бүгінде жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жалпы, аудан 2025 жылы көгілдір газбен толық қамтылатын болады. Айта кету керек, қазіргі таңда Шымкенттегі 81 шағын ауданның 24-і немесе 713,5 мың адам кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Қалған 57 шағын аудан кәрізбен қамтылмаған. 2023 жылы 11 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 4,8 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 2 магистральды кәріз коллекторының және 9 ішкі орамдық жүйенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл қорытындысымен 6 нысанның, атап айтқанда, Мирас, Шапағат-2, Тассай, Тұран (ішкі жүйе), Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық секілді елді мекендердің құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде 60 мыңға жуық адам орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Бұл қамту көрсеткішін 60 пайыздан 75 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Бүгінде 18 мыңға жуық халқы бар Нұртас шағын ауданын орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу үшін жалпы ұзындығы 62,6 шақырым құбыр жүргізіліп жатыр. Мердігер компания «Тараз Строй – 2004» бүгінде жұмыстың 35 пайызын атқарып үлгеріпті. нысан құрылысының жұмысына 50 маман және 10 арнайы техника тартылған.