ШЫМКЕНТ: СОЛТҮСТІК САЯЖАЙ ШАҒЫНАУДАНЫНА ТАБИҒИ ГАЗ БЕРІЛДІ

42
0
Биыл қалада табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысы 6 нысанда жүргізілуде. Газдандыру жұмыстары Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сауле, Солтүстік саяжай, Бозарық шағынаударында атқарылуда.
Бүгінде Солтүстік Саяжай елдімекеніне көгілдір газ берілді. Шағынауданда құрылыс жұмыстары былтыр сәуір айында басталған болатын. Жалпы абонент саны 6 мыңға жуықтайтын елдімекенде құрылыс толық аяқталып, абоненттеу жұмыстары басталды.   Мегаполис тұрғындарының қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында биыл Нұртас шағынауданын толық газдандырып, Ынтымақ-2 елдімекенінде газ жүйесінің құрылыс жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарлануда. Жыл соңына дейін елдімекендердің табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 94%-дан 96%-ға жететін болады. Айта кету керек, Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылыммен қамту ісі қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде қалаға қарасты шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендер үлкен құрылыс алаңына айналған. Нақтырағы, сапалы ауыз су, көгілдір отын мен электр жарығы тартылып жатыр. Өткен жылы да қыруар іс тынған болатын. Биыл көрсеткіштер еселене түспек.   «Жыл соңына дейін Мирас, Шапағат-2, Тассай, Тұран (ішкі жүйе), Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық елді мекендеріндегі кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде 60 мыңға жуық адам орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады». Бұл туралы Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Әбдіқалықов мәлімдеді. Қазіргі таңда Шымкенттегі 81 шағын ауданның 24-і немесе 713,5 мың адам кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Қалған 57 шағын аудан кәрізбен қамтылмаған. 2023 жылы 11 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджеттен 4,8 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 2 магистральды кәріз коллекторының және 9 ішкі орамдық жүйенің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл қорытындысымен 6 нысанның, атап айтқанда, Мирас, Шапағат-2, Тассай, Тұран (ішкі жүйе), Қайтпас-2, 112 орам, Бозарық секілді елді мекендердің құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде 60 мыңға жуық адам орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Бұл қамту көрсеткішін 60 пайыздан 75 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік береді.