БАДАМДА 7 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТТАУ ЖҰМЫСЫ БАСТАЛАДЫ

43
0
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарында шаһардың транзиттік әлеуетін арттыруға арналған бағыттар көрсетілген. Статегиялық жобада қаланың магистралды көшелері мен бірге, елді мекендердегі жолдардың құрылысына басымдық берілген. Жол құрылысы саласындағы жобалардың кезең-кезеңіме жүзеге асуы шалғайдағы елді мекендерде инфрақұрылымның жақсаруына алып келді.
Мәселен, Бадам тұрғын алабындағы ұзындығы 0,6 шақырымды құрайтын Н.Ирисбеков көшесіне жуырда асфальт төселіп, тұрғындарды қуанышқа бөледі. Бүгінде ол кешеде 30-дан астам отбасы қоныстанған. «Тұрғылықты жеріміз қаланың орталығы болмаған соң, талайдан бері көшеміз тас жол еді. Енді міне, көшемізге асфальт төселіп, шағын ауданымыз көркеюде. Бұған, әсіресе балаларымыз қатты қуанды. Көшеміздің ажары кірді. Бұл үшін қуаныштымыз» деді Бадам шағын ауданындағы Н.Ирисбеков көшесінің тұрғындары. Жалпы, аталған шағын ауданында Н.Ирисбеков, Жаңақұрылыс (Айман) және Атауы жоқ №1,2,3,4,5 көшелеріне ағымдағы жылы орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда, жол құрылыс жұмыстары жұмыс кестесіне сай кезең-кезеңімен атқарылуда. Ал, асфальт төселетін жолдың ұзындығы 3,7 шақырымды құрайды. Айта кету керек, Шымкент қаласында инфрақұрылым саласын дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, табиғи газбен, электр қуатымен, ауыз сумен қамту, көгалдандыру мен абаттандыру бағыттарына басымдық беріліп отыр. Мәселен, Шымкент қаласы Қаратау ауданда өткен 2022 жылдың өзінде 51 ойын және спорт алаңын салынып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді. Биылғы жылы да Қаратау ауданы аумағында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 34 ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Мұнан бөлек өткен жылы 22 көшенің бойына су алу қаупінің алдын алу мақсатында ирригациялық жүйе жүргізілді. Биыл тағы 8 көшеге ирригациялық жүйелер тарту жоспарланған. Еңбекші ауданында қалаға жаңадан қосылған Қарабастау, Жұлдыз, Қаратөбе, Тоғыс, Жыланбұзған және Айнатас тұрғын алаптарының жаңа құрылыс аумақтарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары өткен жылы басталды. Биыл толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2022 жылы Еңбекші ауданында 9 елді мекеннің жаңа құрылыс аумақтарында электрмен қамтылса, биыл 5 елді мекеннің жаңа құрылыс аумақтарында табиғи газбен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр екен. Ал, Әл-Фараби ауданына тоқталар болсақ, өткен 2022 жылы Сәуле шағын ауданы мен Текесу елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде ауданда ауыз су мәселесі толығымен шешіліп отыр.