БАЗАРҚАҚПА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ЖҮРІП- ТҰРУЫНА ҚОЛАЙЛЫ АСФАЛЬТ ЖОЛ САЛЫНУДА
Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, жергілікті тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру және сапалы жол салу мақсатында, қалаға қосылған тұрғын алаптардың ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Осыған байланысты бүгінде Еңбекші ауданындағы Базарқақпа тұрғын алабының бірқатар көшелері асфальтталуда. Атап айтқанда, Кеңгір, Қараөткел, Балқан №2,3,4 көшелеріне мердігер мекемелер тарапынан жол салу жұмыстары жүріп жатыр.
Ал Сазқұндыз көшесіне жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол салынып, асфальт қабатын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Алай көшесі арнайы техникалармен тегістеліп, шағал тас төсеу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін Базарқақпа тұрғын алабында 6.6 шақырымды құрайтын 11 көше асфальттанады. Айта кету керек, қазір шалғай елді мекендердегі көшелерге асфальт төсеу жұмыстары қарқын алды. Атап айтқанда, Бадам-1 тұрғын алабында 20,7 шақырым асфальт жол бар. Қазір Баян батыр, Бірлік, Атауы жоқ №1, Бесшатыр, атауы жоқ тұйықтары және атауы жоқ №1,2,3,4,5 көшелері де орташа жөндеуден өтіп жатыр. Жоба бойынша бұл көшелерге 3,7 шақырым асфальт төселеді. Жуырда 0,6 шақырымды құрайтын Ирисбеков көшесінің құрлысы аяқталды. «Тұрғылықты жеріміз қаланың орталығы болмаған соң, талайдан бері көшеміз тас жол еді. Енді міне, көшемізге асфальт төселіп, шағын ауданымыз көркеюде. Бұған, әсіресе балаларымыз қатты қуанды. Көшеміздің ажары кірді. Бұл үшін қуаныштымыз» — деді Бадам шағын ауданындағы Н.Ирисбеков көшесінің тұрғындары. Жалпы, жыл соңына дейін елді мекендегі 4,6 шақырымды құрайтын 2 көше және 5 тұйық көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Ал Набережная көшесінің тұйықтарын орташа жөндеуден өткізу 2025 жылға жоспарланып отыр.