ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 12 МЫҢНАН АСТАМ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ

76
0
Халықтың әл-ауқатын жақсартуда жұмыспен қамту аса маңызды мәселе. Биыл Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша 23 420 жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңға Ұлттық жобалар мен жеке бастама негізінде 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Жыл соңынан дейін жалпы 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Оның ішінде, кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына тарту көзделіп, бүгінгі таңға 22 мыңнан астам азамат қамтылған. Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасында кәсіби білім беру, кәсіпкерлікті дамыту, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту қарастырылған. Субсидияланатын жұмыс орындары бойынша биылғы жылдың 6 айында 6 мыңға жуық азамат жұмыспен қамтылған. Айта кету керек, жуырда Жастар ресурстық орталығының ұйымдастырумен «Авто-нұр» базары жастары мен базарға келушілерге «Мүмкіндіктер алаңы» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. NEET санатындағы жастар үлесін азайту мен мемлекеттік бағдарламаларды жастарға насихаттау мақсатында өткен жәрмеңкеге, Еңбек мобильді орталығы, Тұрғын үй мен Отбасы банк орталығының қызметкерлері қатысты. Базар жастарына жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, жастар практикасы, ақылы қоғамдық жұмыс, алғашқы бос жұмыс орны бағдарламалары мен тұрғын үй жөнінде толықққанды мағлұматтар беріліп, ақпараттық кітапшалар тарқатылды. Базар орталығында өткен жәрмеңкеге 40-тан аса жас қатысып, 5 жас Еңбек мобильді орталығына тұрғылықты мекен-жайы бойынша жолдама алды. Жұмыспен қамтуды мақсат еткен бағдарламалардың арасында «Жастар» практикасы да бар. Жастар практикасы уақытша жұмыс орны болып есептеледі. Бағдарламаға 35 жастан аспаған «жұмыссыз» мәртебесі бар және соңғы үш жыл ішінде жоғарғы оқу орындары мен колледждердің техникалық және кәсіби білім түлектері қатыса алады. Сондай-ақ айлық есептік көрсеткіші 103 500 теңгені құрайды. Аталған бағдарламаның мақсаты – университет пен колледж бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу. Бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беру.