ЖАС КӘСІПКЕР 60-ҚА ЖУЫҚ АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫП ОТЫР
Президент Қасым Жомарт Тоқаев, қазір еңбек нарығында жастардың үлесі артып келетініне тоқталып, үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берген болатын. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс. Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн деді.
«Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінгенінде жеткізген. Осы орайда, қалалық жастар орталығы жастарды кәсіп ашуға баулу мен ынталандыру мақсатында «Жас кәсіпкермен сұқбат» айдарын қолға алған. Біздің кезекті кейіпкеріміз — Маметин Исабаев. Ол – «NAPPА» атауымен танылған, табиғи былғарыдан жасалған аяқ киім өндіреді. Кәсібін дөңгелетіп отырғанына 5 жылдан асқан кәсіпкер, осы жыл аралығында 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтыған. «Қолданыстағы тауарларға қашанда сұраныс көп. Осы мақсатта, мен аяқ киім өндірісін қолға алдым. Бүгінде өндіріс орнымның ауқымы кеңейіп, жұмысым күннен-күнге ілгерілеп келеді. Кәсіп бастау ниетінде жүрген жастарға айтарым, тәуекелшіл бола білу қажет дер едім», — деді жас кәсіпкер Маметин. Айта кету керек, қала тұрғындары Шалқарбек Бақтыбай мен Гүлжанат Орманова Тұран шағын ауданынан «OSSA» өнер мектебін ашты. Кәсіпкерлер жастарға арналған 2,5 пайыздық несие алып, музыкалық аспаптар мен құрал-жабдықтар сатып алған. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен орталық бүгінде 500-ге жуық баланы түрлі үйірмелермен қамтуда. Ұстаздар құрамы Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мен саз колледжінің білікті мамандарынан құралған. «Жаңадан бой көтеріп жатқан ауданға көшіп келгенімізде балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыратын орталық болмай, қатты қиналдық. Содан жолдасымыз екеуміз өнер мектебін ашуды ойластырдық. Әрине, бастапқы кезеңде сенімсіздік басым болатын. Бірақ, қазір мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде батыл шешім қабылдағанымызға қуанамыз» — дейді жас кәсіпкер Гүлжанат Орманова. Шымкент қаласында биыл 261 азаматқа жастарға арналған жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Сенімді өкіл ретінде «Агронесие корпорациясы» АҚ белгіленіп, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен тапсырма шарты түзілген. Жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21-35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады.