Ана тіліміздің құжат айналымындағы абыройы артуда

388
0

Ата Заңымызда қазақ тілі-мемлекеттік тіл ретінде нақты айқындалған. Алайда соңғы кездері оның барлық салада қолданылуы біршама кібіртіктеп қалған болатын. Жаңа Үкімет басшысы С.Ахметов бұл бағытта батыл қадам жасады. Ол министрлер мен ведомство басшыларымен өткен жиында бұдан былай барлық жиындар мен мәжілістер қазақ тілінде өтуі және іс құжаттары қазақ тілінде жүргізілуі тиіс деген шешім қабылдап, тиянақты тапсырмалар берді. Сол, сол екен сең қозғалып, мемлекеттік тілді қолданудан шетқақпай боп жүрген көптеген шенеуніктер ұйқысынан оянғандай болды да, өз құзырындағы мекемелерге мемлекеттік тілдің құжат айналымындағы үлесін 100 пайызға жеткізу жөнінде тапсырмалар берді. Бұған да шүкіршілік.
Өзге өңірлерді айтпағанда оңтүстік өлкесінде, яғни, бұдан 5-6 жыл бұрын Қызылорда облысы, одан кейін біздің облыс іс қағаздарын түгелдей қазақ тілінде жүргізу жөнінде бастама көтеріп, тіл түренін тартып та кеткен болатын. Содан бері өз бағытынан таймай келеді.
Енді өз мекемемізде ана тіліміздің қолданылу жайын сөз етейік. «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңын, «Қазақстан Республикасында тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2011-2013 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің 2011 жылғы 17 тамыздағы №179 бұйрығын орындау мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінде ағымдағы жылы айтарлықтай жұмыстар атқарылды.
Ресми құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуін қадағалау мақсатында аудандық, қалалық басқармалардан тоқсан сайын мәлімет алынып, талдау жасалады. Облыстық тілдерді дамыту басқармасына тоқсандық, жылдық есептер мерзімінде тапсырылып тұрады. Аудандық, қалалық басқармалардың іс жүргізушілерімен 2 рет семинар-кеңес өткізілді, семинар барысында слайдтар қолданылды, әдістемелік көмек көрсетілді. Қазақша-орысша сөздік, салалық (10) тілашарлар мен ресми құжаттардың (салаға қатысты) үлгілері мен кітаптары таратылды. Барлық көрнекі ақпараттар, бұйрықтар мен хаттамалар мемлекеттік тілде әзірленеді. Жалпы облыс бойынша мемлекеттік тілдің құжаттар айналымындағы салмақ үлесі 99,1 пайызды құрап отыр. Мәселен, екінші жартыжылдықта заңды және жеке тұлғалардың өтініштері мен сұраныстарына орай 5093 жауап жолданса, оның мемлекеттік тілдегі үлесі 4924-ті құрады. Ал жоғары органдар мен мекемелерге 43324 хат жолданып, оның 42935-не мемлекеттік тілде жауап берілді, яғни қазақ тіліндегі үлес салмағы 99,1 пайызды құрады. Әлі де болса көптеген мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдардан хат-хабарлар орыс тілінде түседі, алайда біз оларға «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 2-тарауына (8,9,10,11 баптары) сәйкес мемлекеттік тілде, қажет жағдайда орыс тілінде қоса жауап жолдауды қамтамасыз етеміз.
Барлық ресми құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуін, іс қағаздарын ресімдеуде тіл заңнамасының талаптары мен ережелерінің сақталуын, іс қағаздарының мемлекеттік тілде сапалы жазылуын, термин сөздердің баламаларының дұрыс қолданылуын, жалпы мемлекеттік тілдің құжаттар айналымында мәртебесін көтеру мақсатында департамент директорының 2012 жылдың 13 қыркүйегіндегі №230ө бұйрығымен 13 қыркүйек пен 13 қазан аралығында департаменттің бөлімдерінде, аудандық, қалалық басқармаларда Тілдер айлығы жарияланды. Тіл заңнамасының орындалуы туралы атқарылып жатқан жұмыстардың қорытындысы 2012 жылдың 19 қазандағы Алқа отырысында қаралып, тиісті шешім қабылданды.
Сондай-ақ, республикалық «Уақыт» апталық газетінің 2012 жылғы 7-қыркүйектегі санында «Көркем де, оралымды тіліміз, біздің өркендеу діңіміз» тақырыбымен департамент директоры А.Әбдіразақовтың мемлекеттік тіл жайында толғаныс мақаласы жарық көрді.
Сонымен қатар департамент директорының 22-қазандағы №274ө бұйрығымен департаменттің, аудандық, қалалық басқармалардағы өзге ұлт пен қазақ қызметкерлері арасында «Тілім-тірегім» облыстық байқауы өткізілді. Байқау бағдарламасы «Аудармасын жаса», «Мәтіннің қатесін тап», «Сөз құрастыру», «Сөздердің мәнісін түсіндір», «Көнерген салт-дәстүрге қатысты атаулардың мағынасына түсінік беру», «Өлеңді немесе қара сөзді мәнерлеп оқу, ән-жыр орындау секілді» секілді байқау сатыларына бөлінді. Жеңімпаздарға Грамоталар мен заттай сыйлықтар, жүлдегерлерге ынталандыру және көтермелеу заттай сый-сияпаттары берілді.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Конституциялық заңына, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай – ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін орналастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы №873 қаулысына сәйкес барлық аудандық, қалалық басқармалардағы Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік елтаңба стандарттарға сәйкес жаңасымен алмастырылды. Кіре беріске Мемлекеттік рәміздер бейнеленген стендтер, Комитеттің, департамент пен басқарма басшылары туралы мәліметтер мен қабылдау кестелері ілінді. Мемлекеттік рәміздерді құрмет тұту аясында 11-шілдеде аудандық, қалалық басқарма бастықтарының қатысуымен жиын өткізілді.
Департаменттегі, аудандық, қалалық басқармалардағы маңдайша жазулар «Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды көпшілік ғимараттарда орналастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 қарашадағы №1371 қаулысына сәйкес белгіленген өлшемдерде дайындалып, алмастырылды.
Жеке бір адам ұлт тілін жасай алмайды. Сондықтан, бұл мәселеге селқостық танытпай, жұмыла кірісуіміз керек. Қазақ тілі сонда ғана өз мәртебесіне ие болады.

А.Әбдіразақов,
ҚР ДСМ МСЭҚК ОҚО бойынша
департаментінің директоры.