БАРЫҢДЫ БАЛАЛАРМЕН БӨЛIС, САУАБЫН АЛАСЫҢ
«Мектепке жол» акциясының төрт кезеңi
Бiлiм мен ғылым дамып, адамзат ғарыш құпияларын игерудi жалғастырып жатыр. Қоғам бар шаруасын компьютермен атқаруға көштi. Шынын айту керек, осындай керемет игiлiктер адам баласының мiнез-құлқын өзгертiп жiбергенi рас. Қазiргi таңда тұтынушылық пиғыл басым. Солай бола тұрса да, дана халқымыздың бойында қамқорлық, жоқ-жiтiкке, жетiм-жесiрге көмектесу, оларды аялау сияқты асыл қасиеттер сақталып қалғанын көрiп жүрмiз. Асыл дiнiмiз — Ислам қалыптастырған бұл қасиеттер бүгiнде өркениет өлшемi ретiнде танылуда.
Бiлiм күнi жақындаған сайын ата-аналар мен оқушылар қарбалас кешуде, баланы киiм-кешекпен, оқу жабдықтарымен, оқулықпен, т.б. қамтамасыз етiп, мектепке шығарып салу барды да, жоқты да ойландыратын шаруа.
Байға бәрi жарасады десек, бардың өзiн басын шайқататын, жоқтың жiгерiн жасытатын iс бұл. Тағдырдың талқысымен тұл жетiм, жартылай жетiм болған балалар әр мектепте кездеседi. Бұған көпбалалы отбасылар мен аз қамтамасыз етiлгендердi қосыңыз. Бес саусақ бiрдей емес, қоғамда әртүрлi деңгейде әлеуметтiк топтар болуы – өмiр заңдылығы.
«Бiзде бәрi бiрдей, бай мен кедей деген жойылды, жақын арада коммунизм тұсында өмiр сүретiн боламыз» деген ешқашан болмайтын, сананы улаған көпiрме идеология кеңестiк құрылыммен бiрге құрдымға кеттi.
Жетiмiн жылатпаған, жесiрiн қамқорлыққа ала бiлген елде, қазақ елiнде, жаңа заманға лайық жаңашыл үрдiс пайда болды. Осыдан оншақты жыл бұрын, бiзден, Оңтүстiктен бастау алған. «Мектепке жол» акциясы бүгiнде бүкiл елiмiзде жалғасын тауып отыр.
Осынау игiлiктi шараға бизнес өкiлдерi, iрi компаниялар, жеке кәсiпкерлер, депутаттар, дiни ұйымдар, атқарушы билiктiң жергiлiктi құрылымдары қызу атсалысып келедi. Олардың демеушiлiгiмен атқарылып жатқан қайырымдылық шаралар жоғарыда айтылған қамкөңiл балалардың мәселесiн бiржола шешпейдi, әрине. Қарлығаштың қанатымен себелеген судай көңiлге демеу, рухани қолдау. Бүгiнгi имандылықтың бiр көрiнiсi осы болса керек.
Осы тақырыпқа қалам тартып, жақсының жақсылығын паш етпек болып, қаламыздағы №83 жалпы орта мектепке қарай бұрылдық. Бiз келгенде Абай ауданының әкiмдiгi мен «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясының үшiншi кезеңi өткелi жатыр екен. Аудан әкiмiнiң орынбасары Айман Илеуова, «Нұр Отан» ХДП-ның Абай аудандық филиалы төрағасының орынбасары Тұрлыбай Сейдуалиев ресми билiк өкiлдерi ретiнде iс-шараға арнайы келiптi. Сондай-ақ, облыстық ата-аналар комитетiнiң төрағасы, «Ұстаз нұры-информ» газетiнiң бас редакторы Әнуарбек Бейсе де осынау жиынға арнайы шақырылыпты.
Аталған кiсiлер көңiлдi
концертке ұласқан шара барысында 40 балаға әрқайсысы 10000 теңгеден тұратын шақтап алынған киiм-кешек, оқу құралдары топтамаларын өз қолдарымен тапсырды. Әрбiр сияпатты ата-аналар, қамқоршылар, балалардың өздерi риза көңiл-күймен қабылдап алып жатты.
Әңгiмемiздi «Мектепке жол» акциясының үшiншi кезеңiнен бастауға тура келдi. Ендi алғашқы кезеңдерi туралы.
«Қайнарбұлақ» елдiмекенiнде орналасқан осынау мектепте қандастарымыздың балалары көптеп саналады. Жалпы мектепте 3000-ға жуық оқушы бар, оларға 250 мұғалiм сабақ бередi. Осындай үлкен ұжымда 28 тұл жетiм, 102 жартылай жетiм, бұлардан тысқары 185 көпбалалы отбасы, аз қамтамасыз етiлген 17 отбасы, әлi азаматтық ала қоймаған 8 оралман отбасылар мектепiшiлiк есепке алыныпты.
Мектеп басшысы Берiкбай Елтайұлы туралы бiздiң газет бұрын да жазған болатын. Оның осыншама оқушының бәрiн танып, бiлуге әрекеттенетiнiн, оқушылар арасында сырлас достары барын айтқан едiк. Бiздiң қазақтың «егiндi сүймеген – диқан емес, малды сүймеген – шаруа емес» дейтiнi бар. Сол сияқты баланы сүймеген, қадiрлемеген кiсi нағыз ұстаз бола ма?! Бiздiң кейiпкер Берiкбайдың да әр оқушыға аса бiр түсiнiстiкпен қарап, iшкi жан дүниелерiне тереңiрек үңiлуi оның нағыз ұстазға тән қасиетi емес пе?!
Бюджет қаржысына қанағат етiп, өз iсiне мығым болып, тапжылмай отыра берсе де болады. Берiкбай бұлай ете алмайтындардан. Ол үнемi iзденiс үстiнде. Өзге қырларын былай қойғанда, демеушiлермен де тiл табыса бiледi. Оның бұл жолғы демеушiсi – Нұржан Икрамұлы Асқар, «Престиж каптал» ЖШС-нiң директоры. Бұрын қаладағы бiрнеше мектептi басқарған азамат, бүгiнде халқымыздың рухани келбетiне алаңдайтын кәсiпкер. Мектепке, балабақшаларға демеушiлiк жасап тұратын меценат.
Оның бұл жолы аталған мектепке назары түсiптi. 20 оқушының әрқайсысына 5000 теңгелiк оқу құралдары мен киiм-кешек салынған топтамалар сыйлады. Бұл «Мектепке жол» акциясының бiрiншi кезеңi болатын. Екiншi кезеңiнде бiлiм қорынан 100 баланың жеке есепшоттарына 10000 теңгеден, барлығы 1 млн. теңге аударған.
Үшiншi кезеңiн жоғарыда баяндап бердiк. Соңғы төртiншi кезеңiне қала әкiмi мен облыс әкiмi тарапынан 20 балаға 10000 теңгелiк топтамалар тапсыру белгiленiптi.
Әлемдiк деңгейдегi классик жазушымыз М.Әуезовтiң «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестiретiн нәрсе – бiлiм» деген қанатты сөзi қабырғада үлкен әрiптермен жазулы тұрды. Осыған қарап, балаларға жақсы оқуды, сапалы бiлiм алуды тiледiк. Олардың жүзiне, жәутеңдеген көзiне қарап, ендi өздерiнiң де өзгелермен теңесетiнiн аңғарғандай болдық.
Қасиеттi Ислам дiнi кембағалға, жетiм-жесiрге, жәрдем етудi садақа берудi тiкелей мiндеттейдi.
Бiздiң бүгiнгi демеушi кейiпкерлерiмiз өздерiнiң парыздарын абыроймен орындады, көпке өнеге боларлықтай тiрлiктер атқарды. Оларға Алланың нұры жаусын демекпiз!
Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.