АСАР-2 ШАҒЫН АУДАНЫ 70% ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫМЕН ҚАМТЫЛДЫ

63
0
Шымкент қаласындағы Абай ауданының аумағы 24 мың гектар, халық саны 257 мыңнан аса адамды құрайды. Аудан аумағында 27 шағын аудан мен елді мекен орналасқан. Оның ішінде 202 көп қабатты тұрғын үй, 1 274 көше, 93 әлеуметтік нысан бар.
Аудан аумағы бойынша 27 елді мекеннің 26 сапалы ауыз сумен қамтылған. Ал ауыз сумен қамтылмаған Қайнарбұлақ тұрғын алабында 1540 абоненттен тұратын 8 160 халық тұрады. Биыл аталған тұрғын алап толыққанды ауыз сумен қамтылады деп күтілуде. 2022 жылы басталған құрылыс жұмыстары биылғы жылдың соңында аяқталады. Жоба құны 7,1 млрд. теңге. Электр жарығы бойынша 27 елді мекеннің 25-і сапалы электр жарығымен қамтылған. Жарықпен толық қамтылмаған 2 елді мекен, олар Асар-2 шағын ауданы және Қайнарбұлақ тұрғын алабы. Асар-2 шағын ауданында 11 060 халықтың (825 абонент) 70%-ы қамтылған, қалған 30 пайызбен қамту мерзімі 2023 жылдың соңы. Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы 8160 халықтың (1174 абонент) 24 %-ы қазір қамтылып тұр. Мұнда 2022 жылы құрылыс жұмыстары басталып, жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Жоба құны 2,6 млрд. теңге. Айта кету керек, Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтың 2022 жылы халықпен кездесуінде тұрғындар елді мекендерді газ, су, жарық және кәріз жүйесімен қамту бойынша өтініштерін жеткізген болатын. Қала әкімі өтініш-ұсыныстарды ескере келе, инженерлік жүйелермен қамтылмаған шағынаудандардағы өзекті мәселелерді шешуде нақты тапсырма берді. Нәтижесінде жеке инвестиция есебінен 6 нысанға жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде, 4 нысанның, атап айтқанда, Айқап, Ынтымақ-2, Асар-2, Бозарық шағынаудандарындағы Жаңақұрылыста жобалау-сметалық құжаттамасы аяқталып, сараптама қорытындылары алынды. Қалған 2 нысанның яғни, Ақжайық, Таскен шағынауданындағы Жаңақұрылыста жобалау-сметалық құжаттамасы осы жылы аяқтау жоспарланған. Құрылыс жұмыстары қолға алынса, Айқап және Ақжайық шағынаудандарына кәріз жүйесі тартылады. Ынтымақ-2, Асар-2. Бозарық (жаңақұрылыс), Таскен (жаңақұрылыс) шағынаудандарында ауыз су, газ, жарық, кәріз жүйесінің мәселесі шешіледі. Жалпы Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылыммен қамту ісі қарқынды жүріп жатыр.