ҮШІНШІ МЕГАПОЛИСТЕ БИЫЛ 67 ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

48
0
Шымкентте соңғы жылдарда мемлекеттік бағдарлама есебінен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында 2023 жылы құрылыс басқармасы тарапынан мемлекеттік бюджеттен 312,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Осы ретте биыл 67 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі. Оның 61-і кредиттік, 6-ы арендалық. Соғылып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы бойынша Тұран ықшам ауданында 18 үй, Бозарық мөлтек ауданында 54 үй, Ақжайық мөлтек ауданында 26 үй. Бұдан бөлек, жыл қорытындысымен жұмыс жасайтын жастарға 900 пәтерді және халықтың әлеумкеттік осал топтарына 505 пәтерді нарықтан сатып алу жоспарланған. Айта кету керек, Шымкент қаласындағы тұрғын үй қорын модернизациялау бағдарламасы бойынша жыл сайын тұрғындардың келісімімен көп қабатты тұрғын үйлер жөндеуден өтеді. Көп қабатты тұрғын үйлерді кұрделі жөндеу ҚР Үкіметінің Тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қолданылады. Тұрғын үй қорын модернизация бағдарламасының мақсаты – Шымкент қаласындағы авариялық тұрғын үй қорының өсуін болдырмау, тұрғын үй аумақтарын дамытуды және оларды абаттандыруды қамтамасыз ету. Сондай-ақ, азаматтардың өмір сүру ортасын жаңарту және қоғамдық кеңістікке қолайлы жағдай жасау. Сондықтан Шымкент қаласында 2022 жылы 9 үй 462 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Ал биыл 1 миллиард теңгеге 15 тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Оның 12-сі Әл-Фараби ауданы, 3-еуі Тұран ауданы аумағында орналасқан. Келесі жылы 40 тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.