ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Жыл басынан бері Шымкентте заңсыз құрылыс нысандарын мәжбүрлеп бұзу бойынша 34 талап-арыз жолданды. Тиісті ережелерге сай салынбаған нысандар арасында автожуу бекеттері, дүкендер, қоғамдық тамақтану орындарының ғимараттары бар. Тексеру шаралары кезінде құрылыстың жобалық құжаттамасыз салынғаны, авторлық және техникалық қадағалаушыларсыз және құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғандығы туралы хабарламасыз жүргізілгені анықталған.
18 нысанға қатысты мәжбүрлеп бұзу туралы сот шешімі шығарылып, 9 талап –арыз сот шешімімен қанағаттандырусыз қалдырылса, 7-уі қазір сот органдарының қарауында. Бұдан бөлек, айыппұлға дейін құрылыс иелері 10 нысанды ез еркілерімен бұзған. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы мен аудан әкімдіктерінің хаттары негізінде 189 құрылыс объектісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды. Құқық бұзушыларға 103 510 075 теңгенің айыппұлы салынды. Заңсыз құрылыс нысандары мегаполистің сәулеттік келбетін бұзып қана қоймай, жобалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаушыларсыз жүргізілген құрылыс нысандары азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан да құрылыс салушыларды рұқсат құжаттарын алудан бастап, жұмыс жобасын дайындау, пайдалануға қабылдау актісіне дейінгі құрылыс процесіне қойылатын барлық талаптарды орындауға шақырамыз. Тиісті талаптар орындалмаған жағдайда Заң талаптарына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылып, сот органдарына мәжбүрлеп бұзуға талап-арыздар жолданатын болады. Бұған дейін Шымкент қаласының аудан аумақтарында заңсыз орналасқан кәсіпкерлік нысандарды ретке келтіру, сондай-ақ кәсіп иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Осыған байланысты Абай ауданы А-2 тас жолының бойындағы заңсыз сауда нысандарына кезекті мониторинг жұмысы ұйымдастырылды. Зерделеу жұмыстары барысында Абай ауданына қарасты аталған көше бойында нысаналы мақсатын дұрыс пайдаланбай, ретсіздікке жол берген 67 кәсіпкерлік орны анықталды. Бұл көше стратегиялық маңызы бар аумақ. Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат — қаланың көркін бұзған заңсыз сауда нысандарының иелеріне ақпараттық, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Жалпы өткен жылы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру үшін тиісті лицензияларды алу мақсатында жеке және заңды тұлғалардан жыл басынан жалпы саны 436 өтініш түскен. Бекітілген бірыңғай біліктілік талаптарын қарау нәтижесінде, 130 лицензия берілді, оның ішінде жаңадан 40 лицензия берілді және 90 лицензия қайта рәсімделді.