ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ: КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ 60%-НА СЫҒЫМДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП, ДАЙЫНДЫҚ АКТІСІ АЛЫНДЫ
Шымкент қаласы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар орталығында Еңбекші ауданының әкімі Есілбек Досбол Күздікбайұлы 2023 жылдың алты айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есептік брифинг берді.
Қазақстан Республикасы Президентінің әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы №826 жарлығын орындау бойынша:
2023 жылы аудан тұрғындарымен жалпы 22 рет кездесу өткізіліп, оған 690 нан астам тұрғын қатысты. Оның ішінде, қала әкімі Еңбекші ауданының тұрғындарымен кестеге сәйкес және кестеден тыс екі кездесу өткізіп, нәтижесінде 59 тапсырма берді. Бүгінгі таңда оның 28-і орындалып, 31 мәселе орындалу барысында. Сонымен қатар, Мәслихат бекіткен кестеге сәйкес аудан әкімі Исфиджаб, Азат, Абдулабад, Тоғыс, Қаратөбе, Базарқақпа, Елтай тұрғын алаптарында кездесу өткізіп, тұрғындар тарапынан 75 мәселені қарауға алды. Оның бүгінде 36-сы шешімін тапса, 39 мәселе бойынша жұмыстар орындалу барысында. Жаңа «Тұран» ауданының құрылуына байланысты Еңбекші ауданының шекарасы өзгерді. Қаратау ауданынан «Исфиджап», «Орманшы», «Достық» тұрғын алаптары мен «Азат» шағын ауданы қосылса, Әл-Фараби ауданынан «Бадам» шағын ауданының 2-ші бөлігі қосылды. Сондай-ақ, Еңбекші ауданынан Қаратау ауданына «Шапағат», «Мирас», «Тараз», «Солтүстік Шығыс» шағын аудандары, Әл-Фараби ауданына «Теріскей», «Сайрам», «Күншығыс», «Шымкентстрой», 15-ші, 16-шы, 17-ші, 18-ші шағын аудандары, орталықтағы үйлер берілді. Қазіргі таңда аумағы 22 800 гектарды алып отырған Еңбекші ауданындағы халық саны 228 830 құрайды. Жалпы аудан аумағындағы 17 тұрғын алап пен 12 шағын ауданда 728 көше мен өткел, 1 саябақ, 2 гүлзар, 283 көпқабатты және 37 061 жеке тұрғын үйлер орналасқан.
Инфрақұрылыммен қамту:
Ауданның халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Атап айтқанда, ауыз сумен 94,5%, электр жарығымен 98,3%, табиғи газбен 90,7%, кәріз жүйесімен 41%, асфальт жолмен 74% қамтылған.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамыту туралы 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасымен бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде.
Ауыз сумен қамтамасыз ету:
2022 жылы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 94,5% құраса, биылғы жылдың қорытындысымен халық шоғырланған аумақтар толық ауыз сумен қамтылады. Ал жаңақұрылыс аумақтары 2024-2025 жылдары 100 пайыз ауыз сумен қамту жоспарланған.
Сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету:
Аудандағы елді мекендердің 98,3% мемлекеттің сапалы электр жарығымен, 1,2% жекеменшік жүйедегі жарықпен қамтылса, қалған 0,5% электр жарығымен қамтылмаған жаңақұрылыс учаскелері. 2024-2025 жылдары аудан аумағын толығымен сапалы электр желісімен қамту жоспарланған.
Табиғи газбен қамтамасыз ету:
Табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші 2022 жылы 90,7% құраған болса, 2023 жылы жаңа шекараның белгіленуіне сәйкес, қамту көрсеткіші 87,2% төмендеді.
Оңтүстік, Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, Қаратөбе тұрғын алабының жаңақұрылыс аймағындағы 3739 абонентке жобалау-сметалық құжат әзірленіп, сараптамадан өткізуге тапсырылған. Оның ішінде, Қаратөбе тұрғын алабының жаңақұрылыс аймағына әзірленген ЖСҚ сараптаманың оң қортындысын алды.
2025 жылдың қорытындысымен 5992 абонентті құрайтын жаңақұрылыс аймақтарын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп, көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарланған.
Кәріз жүйесімен қамтамасыз ету:
Кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 2022 жылы 57%-ды құраған болса, қазіргі таңда әкімшілік аумақтың өзгеруіне байланысты кәріз жүйесімен қамтылу жағдайы 41%-ды құрап отыр.
Оның ішінде, «Ұлағат» шағынауданында кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде, нысан құрылысы 2023 жыл қорытындысымен аяқталатын болады. Жұлдыз тұрғын алабындағы көпқабатты 27 үйге кәріз жүйесі жүргізілді. Қазіргі уақытта пәтер иелеріне абоненттеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Автожолдар сапасы:
Ауданда ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көшелер мен өткелдер бар. Жолдардың 73,1%-ын асфальт, 21,6%-ын тастақ 5,3%-ын топырақты жол құрайды.
2023 жылы ұзындығы 45,5 шақырымды құрайтын 73 көшені жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда 38 көше асфальтталды, 25 көшеде жұмыстар жүргізілуде, 9 көше бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде.
«Исфиджап» т/а ауыз су құрылысы жүргізілетіндіктен 1 көше 2024 жылға ауыстырылды. 2027 жылға дейін жаңақұрылыс аймағындағы инфрақұрылым жүйесімен қамтылғаннан аудан аумағын қанағаттанарлық жол үлесін 100%-ға жеткізу жоспарда бар.
Көшелерді жарықтандыру:
Еңбекші ауданы аумағындағы жарықтандырылған көше саны — 89.
Биылғы жылы 28 көшені жарықтандыру, 2024 жылы 21 көшені, 2025 жылы 22 көшені жарықтандыру жоспарлануда.
Ирригациялық арықтар орнату:
2023 жылдың І-кезеңімен 3,5 шақырымды құрайтын 10 мекен-жайға, ІІ-кезеңімен 2,8 шақырым болатын 3 мекен-жайға ирригациялық арықтар салу жоспарланып, тиісті жұмыстар атқарылуда.
Қалған 23 көшеге ирригациялық арық орнату 2024-2025 жылдарға жоспарланған.