2023 ЖЫЛҒА ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІН АУЫСТЫРУ ҮШІН 16,7 МЛН. ТЕҢГЕ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН
Бүгін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті, Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы және жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және онымен жабдықтау қызметін көрсететін «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бірлесіп инвестициялық бағдарлама аясындағы іс-шаралардың орындалу барысымен таныстыру мақсатында баспасөз турын өткізді.
Тұтынушыларды инвестициялық бағдарламаларға бөлінген қаражат туралы, инвестицияланған қаражаттан қандай оң нәтижелерге қол жеткізілетінін, бұл көрсетілетін қызметтердің жылу сапасына қалай әсер ететінін хабардар ету жоспарланған пресс-турға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам белсенділері, депутаттар мен жауапты мекемелердің басшылары қатысты. «Жылу жүйелеріне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңында аяқталады деп жоспарлануда»,- деді Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әбдіхалықов Арман Әбдімүтәліұлы.
«Шымкент қаласындағы жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы – 880,542 шақырымды құрайды. Оның ішінде – 80,106 шақырым жылу желісі «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің балансына қарайды. Ал қалған – 800,442 шақырымы «Қуатжылуорталық-3» мемлекетік коммуналдық кәсіпорнының балансында». Қуатжылуорталық-3» мемлекетік коммуналдық кәсіпорны Шымкент қаласының жылу жүйелеріне 100 пайыз қызмет көрсетеді және жылу энергиянсын өндіруші, беруші және онымен жабдықтаушы болып табылады. Қалада жылумен жабдықтау жүйесіне 2 330 көп қабатты тұрғын үй, 316 бюджеттік мекемелер (мектептер, балабақшалар, ауруханалар), 933 заңды тұлғалар қосылған. Қазіргі таңда «Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің балансына қарайтын жылу жүйелерінде келесідей қайта құру жұмыстары жүргізілуде: Адырбеков көшесінің бойындағы ОНС-2 сорғы станциясынан ТК-4-ке дейін, ТК-4тен ОНС-3 сорғы станциясына дейін және Нұрсәт шағын ауданындағы от ТК-5 тен ТК-11-ге дейінгі магистралдық жылу жүйелерін қайта құру. Бұдан басқа, қала аумағындағы 17 нысанда жылу желілерінің ескіріп, тозығы жетуіне байланысты ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
«Президентіміз өзінің тапсырмасында монополистік ортада «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасын қолға алып, коммуналдық жүйелердің тозу деңгейін төмендету қажет екендігін айтқан болатын. Бүгінде Шымкент қаласында осы бағыттағы бірқатар жұмыстар атқарылуда», — деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысы Қаинбердиев Дархан Әбілқасымұлы. ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің 13.08.2021 жылғы №88-НҚ және Шымкент қаласы әкімдігінің 27.08.2021 жылғы №89 бірлескен бұйрығымен 2022-2026 жылдар аралығына инвестициялық бағдарлама бекітілген болатын. Бағдарламаның жалпы соммасы 81 878,21 мың теңгені құрайды. Оның ішінде 2023 жылға 276 п.м. ауыстыру үшін 16,7 млн. теңге қарастырылса, мемлекеттік сатып алу кезеңінде оның 5,8 млн. теңгесі үнемделген. Үнемделген қаржыға қосымша жылу желілерін ауыстыру жұмыстарын жүргізу қаралуда.
Инвестициялық бағдарламаны іске асыру аясында 2022-2026 жылдарда:
— нормативтен артық жылу ысыраптары жойлады;
— жылу жүйелерінде нормативті ысыраптарды 0,1%-ға азайтады;
— жылу желілеріндегі апаттардың санын 29,4%-ға азайтады;
— жылу энергиясын беру сапасын жақсартады.