ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының балансына қарайтын жылу жүйелері құрылысы, «Қуатжылуорталық-3» мекемесінің инвестициялық бағдарламасы іс-шараларының орындалу барысымен танысу мақсатында кезекті баспасөз туры ұйымдастырылды. Іс-шараға Шымкент қаласы табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысы Д.Қайыңбердиев, қоғамдық бірлестіктер, тұтынушылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Қазіргі таңда басқарма тарапынан бірқатар жылу жүйелерінде қайта құру, жаңарту жұмыстары атқарылуда. Көпшілік Орынбаев көшесіндегі ОНС-2 сорғы станциясынан ТК-4 дейін, ТК-4-тен ОНС-3 сорғы станциясына дейінгі магистралдық жылу жүйесін қайта құру жұмыстарының барысымен танысты. Мердігер – «ХМСУ Шымкентмелиорация» ЖШС. Ұзындығы 3,5 шақырым магистралды жылу жүйесі құрылысына 1 615,00 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары былтыр маусым айында басталған-тын.
– Республикалық бюджет тарапынан маңызды екі жоба құрылысы аяқталуға таяды. Мұнда жылу желісі 520 мм-ден 720 мм магистралды желіге ауыстырылады. 2 сорғы станциясы жөндеуден өтеді. Нәтижесінде, жалпы 276 көпқабатты үй сапалы жылумен қамтамасыз етіледі. Жылу құбырлары соңғы рет 1990 жылдары ауыстырылған. Нұрсәт шағынауданындағы екінші жобада 1 шақырым жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары жүзеге асуда. Екі нысан құрылысы да 30 қыркүйекке дейін толық аяқталады. Материалдары толық жеткілікті, – деді басқарма басшысының орынбасары Арман Әбдіхалықов.
Шаһарда Нұрсәт шағынауданданындағы магистралды жылу жүйесін қайта құру («Жаңа KZ құрылыс» ЖШС тарапынан), 8,8 шақырым 17 нысан бойынша жылу желілерін ауыстыру («Армада инженеринг» ЖШС тарапынан) жұмыстары атқарылуда.
Сондай-ақ, іс-шарада «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының инвестициялық бағдарламаларының орындалу барысы айтылды.