«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ҰЛТТЫҚ ЖОБА БОЙЫНША ШЫМКЕНТТЕ 6 МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ 2024 БАСТАЛАДЫ

68
0
Үшінші мегаполисте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында 2025 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Биыл 17 300 орындық 12 ғимаратты салуға республикалық бюджеттен тиісті қаражат қаралған. Ал, 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады деп жоспарлануда.
Бүгін қала әкімінің орынбасары Н. Ергешбек жауапты басқарма басшыларымен бірге арнайы жиында жаңа мектептердің құрылыс барысын талқылады. Қазір қала аумағында 18 білім нысанының орны анықталған. Абай ауданында — 7, Әл-Фараби ауданында -1, Еңбекші ауданында — 2, Қаратау ауданында — 6, Тұран ауданында — 2 мектептің құрылысы бекітілді. Бүгінгі таңда 13-нің жер учаскесіне мемлекеттік акт алынған. Ал, қалған 5 нысанның жер учаскесі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы 4 ғимараттың құрылысына бөлінген жер телімдерін мемлекет мұқтажына алуда тиісті шараларды атқаруда. Жоспарланған 18 мектеп құрылысы пайдалануға берілген жағдайда жаңадан ашылған шағын аудандардың және сынып толымдылығы жоғары мектептер мәселесі толығымен шешілетін болады. Сонымен қатар қосымша 2 579 педагог жұмыспен қамтылады. Жобада жайлы мектептің ерекшеліктері бекітілген. Бастауыш және жоғарғы сыныптарға арналған ғимараттың жеке блоктарының болуы, пәндік кабинеттердің толық жиынтығы, еңбекке баулуға арналған әмбебап шеберханалар мен студиялар, жабдықталған спорт зал мен асханалар және арнайы талаптарға сай қауіпсіздік жүйелері қамтылған. Қала әкімінің орынбасары құрылыс барысында осы артықшылықтарды назарға алуды, құрылыстарды мерзімінде аяқтауда өзекті мәселелерді жүйелі шешуді тапсырды. Айта кету керек, Шымкентте биыл 17 300 орынға арналған 12 мектептің, ал 2024 жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысы басталады. «Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Мамандардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.