АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ — МЕМЛЕКЕТТІ ДАМЫТАТЫН САЛА

51
0
Шымкентте ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 7 айда 26 млрд.теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға артқанын байқауға болады. Оның ішінде, әсіресе, мал шаруашылығы бағыты бойынша өсім қарқынды. Нақтырақ айтар болсақ, шымкенттік фермерлер мен диқандардың өткен 7 айда өндірген өнімінің көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра қарағанда 4 пайызға артып отыр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарын дамыту мақсатында аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде 21 жобаға 23 млрд.теңге инвестиция тартылып, 1 800-ден астам жұмыс орны ашылады. Айта кету керек, бүгінде Қайнарбұлақ тұрғын алабы маңында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриялық аймағын құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.  Мұнда бүгінде 13,5 шақырымдық ауыз су жүйелерінің құрылысы 85%, электр және табиғи газ желісімен қамту жұмыстарының көлемі 88% орындалған. Ал жобада қаралған 2 шақырым жолдың қазіргі таңда 1 шақырымы салынып, 7,9 шақырымдық ішкі орам жолдардың жартысына жуығының құрылысы аяқталған. Сондай-ақ кірме, қоршау, әкімшілік ғимараты бойынша жоба әзірленуде. Аталған индустриялық аймақты жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда. Индустриялық аймақта алдағы уақытта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 73,9 млрд теңгені құрайтын, 1000-нан астам жұмыс орнын қамтитын 30 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде жалпы құны 25,7 млрд теңгені құрайтын, 560 жаңа жұмыс орнын қамтитын инвестициялық жобалар қолға алынады. Жалпы Шымкент қаласы инвестиция тарту бойынша өңірлер арасында көшбасшы саналады. Сәйкесінше, үшінші мегаполистер инвесторларға жайлы орта қалыптастыру мақсатында қыруар іс қолға алынған. Қала аумағынан индустриалды аймақтар бойы көтеруде. Соның бірі ретінде Абай ауданынан «Стандарт» индустриалды аймағын ашу бастамасын айтуға болады. Бастама мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту бойынша берген тапсырмасына орай жүзеге асуда.