ЖОЛДАУДА ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТТЕР ЖЕМІСТІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА

68
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бірқатар маңызды міндеттерді қойған болатын. Оның қатарында индустриялық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөнінде шаралар бар. Ел президенті өз сөзінде «Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырамын…  Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі» деп атап өткен еді.

Өз кезегінде, бүгінде Шымкент қаласында мемлекет басшысының тапсырмасын орындау сақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Оның ішінде инвесторларға қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру бастамалары да бар. Бүгінде қала аумағындағы «Жұлдыз» индустриалды аймағы қосымша 155 гектарға, Шымкент сауда-логистикалық орталығының аумағы 136 гектарға кеңейтілген. Сонымен қатар қазір Шымкентте тамақ өнеркәсібіне бағытталған «Бозарық» индустриалды аймағының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жуырда қалалық әкімдік «Бозарық» және «Жұлдыз» индустриалды аймақтарының тұжырымдамасы мен қоршаған ортаға әсерін бағалау құжаттарын әзірледі. Бұл индустриалды аймақтардың инфрақұрылым құрылысына республикалық бюджеттен тікелей қаржы тарту және осы аймақтарға «республикалық индустриалды аймақ» мәртебесін беруге жол ашады.

Жалпы үшінші мегаполисте кәсіпкерлік нысандар негізінен 5 өнеркәсіптік аймақта шоғырланған. Онда 230-дан астам инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Соңғы деректерге сүйенсек, бұл 14 мыңнан аса жаңа жұмыс орындарының құрылуына себеп болып отыр. Қала берді, уақыт өткен сайын қалаға қаржы құюды қалайтындардың қатары қалыңдап келеді. Сол себепті «Жұлдыз», «Бозарық» және «Стандарт» атты жаңа индустриалды аймақтар құру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Одан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласындағы көлік-логистикалық орталығын Қазақстанның бүкіл оңтүстік өңірінің логистикалық хабына айналдыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Шымкент қаласының әкімдігі алдағы бесжылдықта қала экономикасына 6 триллион теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.