Тіл мәселесіне келгенде табандылық керек

Ұстанымы берік адам ұлттық құндылықты ешқашан ұмытпайды. Бұлай деуімнің өзіндік себебі бар. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Филология» факультетінде білім алдық. Қазақстанның түкпір-түкпірінен білім іздеп келіп, бір топқа түскен студенттер теледидардан ғана көрген ғалымдардың дәрісін тыңдап, ұстанымдарын үлгі еттік. Университет қабырғасында жүргенде Сейіт Қасқабасов, Дихан Қамзабекұлы, Серік Негимов, Сағымбай Жұмағұл, Қайырбек Кемеңгер сынды ұлт тарихын зерттеуге саналы ғұмырын арнаған ғалымдардың әр сөзінен ақыл таптық, рухынан қуат алдық.

Бертін келе жас маман ретінде жұмысқа орналасқан тұста да ұстаздарымыздан алған ұстанымнан алыс кетпеуге тырыстық, тырысып та келеміз. Алаштың тарихын тәптіштеп оқып, қайраткерлердің жанқиярлық еңбегімен етене таныс болғандықтан болар, мемлекеттік тілге келгенде табандап тұрып алатынбыз. Алғаш Астанаға барғанда көлік жүргізушілерінің «Иманова», «Жубанова», «Жансүгирова» деп тілін бұрап, қазақтың әдемі атын, ұлт тарихындағы ұлы қайраткерлердің тегін тілге жат, құлаққа оғаш естілетіндей етіп айтқанда намыстанатынбыз. Жат емес өзіміздің қазақтың атпалдай азаматтары тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл өтсе де өзге тілге жалтақтап, жат тілде сөйлегенін абырой санайтынына арланатынбыз. Оны былай қойғанда, қазақылық қалпы сақталған оңтүстік өңірлерден ауып барған ағайынның өзі осы бір тенденцияға тез төселетін. Көлік қызметін пайдаланып отырған – біз. Сондықтан мекенжайды мемлекеттік тілде айтып, қазақ тілінде сөйлеуді талап ететін болдық.

Бертін келе жас маман ретінде жұмысқа орналастық. Міне, сонда кадр бөлімі бір жапырақ қағазды қолыма ұстатты. Қарасам, еңбек келісімшарты екен. Асықпай, түгел оқып шықтым. Көптің бірі ретінде қол қойып, бөлмеден шығып кете беруіме болар еді. Келісімшарттың төменгі тұсындағы «даулы мәселелер туындаған жағдайда келісімшарттағы орыс тіліне басымдық беріледі» деген пунктті оқып, кілт тоқтадым. Қол қоймайтынымды, кемінде мемлекеттік тіл мен орыс тілінің заңды күші қатар жүруі керегін ескертіп, бөлмеден шығып кеттім. Үнсіз қол қою – жеке ұстанымыма қайшы. Бастапқыда бойымды ашу кернегені рас. Кейінірек ойлана келе, мекеме басшысына талабымды түсіндірдім. Ол бойынша, еңбек келісімшартындағы жоғарыда жазылған пунктты «еңбек шарты мемлекеттік және орыс тілінде жазылған, екеуінің заңды күші тең» деген пунктке ауыстыруы керек. Міне, осылайша мекемедегі біраз жылдардан бері өзгеріссіз келе жатқан еңбек шартындағы пункт ауыстырылды. Әйткенмен көкейде сан түрлі сауалдың қалып қойғаны рас. Сонда еліміздегі құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргенімен, заңға қатысты дау туындағанда орыс тіліне басымдық беріле ме? Олай болса, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын қалай кеңейтпекпіз? Не мәселе бар? Осы және өзге де сауалдар санамда кілкіп тұрды. Артынша бұл бағытты зерттеуге кірістім.

Елімізде жыл сайын мыңдаған терминдер бекітіледі. Өкініштісі сол, оларды қолданысқа енгізуге енжарлық танытатын мекемелер жетерлік. Мәселен, 2022 жылдың соңында ұлттық компаниялардың құжат айналымына қатысты ресми деректер жарияланған болатын. Оған сенсек, өткен жылдың үшінші тоқсанында жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша ұлттық компаниялардағы құжат айналымының 70 пайызы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Оның қатарында жүздеген мекемемен жұмыс істеп отырған алпауыт компаниялар да бар. Атап айтқанда, мемлекеттік тілдегі құжат айналымының жалпы көрсеткіші «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-да 5 пайыз, «Қазақстан темір жолы» АҚ мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-да 34 пайыз, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында 36 пайыз, «KEGOC» АҚ-да 49 пайыз, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-да 51 пайыз шамасында. Осы тұста айта кетерлігі, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Ендеше ай мен күннің аманында кәсіпкерлік саланың дамуына тікелей жауапты мекемелердің бірі — «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-да құжат айналымының 95 пайызы орыс тілінде жүретіндей не көрінді?! Ұлттық компаниялардың мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 96,5 пайызды құрауы тиіс емес пе еді!? Демек тілге келгенде табандылық таныта алмай келе жатқан компаниялар бізде жетерлік.

Жалпы тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан бері талай қазақтың талантты баласы шетел асып, білімін толықтырып, тәжірибесін арттырды. Алайда дәл сол бірнеше жылын өзге мемлекетте өткізген өз қазағымыз ана тілін тез ұмытатын жағдайға жетті. Әншейінде ағылшын тілін бірнеше айда үйренетін азаматтар ана тілінде ойын анық, сөзін нық жеткізетін жағдайға жылдар өтсе де жете алмай келеді. Сол қалпы зейнет жасына жеткендерді де көзіміз көрді. Мұны әжуалайтын, масқаралайтын деңгейге жеттік. Бұл – көкейтесті мәселе. Меніңше, тіл мәселесі — биліктің ғана емес, бұқараның да басты түйткілдерінің бірі. Кез келген орында мемлекеттік тілді талап етіп, ана тілінде қызмет алсақ, тұтынушының талабына сай икемделетін мекемелердің біразы мемлекеттік тілге төселетін еді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тілге келгенде табандылық керек! Сонда ғана қазақ тілінің тұғырын биіктететініміз анық!

Әлима Әзімханова,

Астана қаласының тұрғыны.