ҚОРҚЫТУ ҮШIН АР АДАЛДЫҒЫ МЕН ЖҰМЫС ТАЗАЛЫҒЫ КЕРЕК, ДАУЫЛБАЕВ МЫРЗА!

DSC_1541

«Уақыт» газетінің ақпан айындағы №07 санында Өмірзақ Мелдехановтың өз атынан жазылып, қолы қойылған «ЕРІМБЕТОВТІҢ КОМАНДАСЫ ЕЛ ИГІЛІГІН ОЙЛАЙ МА, ӨЗ БИЛІГІН ОЙЛАЙ МА? НЕМЕСЕ ТҮЙМЕДЕЙДІ ТҮЙЕДЕЙ ҚЫЛАТЫН, ТҮЙЕДЕЙДІ КӨРМЕЙ ҚАЛАТЫН ТІРЛІККЕ ҚАШАН ТОҚТАУ ҚОЙЫЛАДЫ?» деген тақырыппен көлемді мақаласы жарияланды. Мақала авторы – ОҚО мәслихатының депутаты,  «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, осы партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің Бюро мүшесі – құқық қорғау және сот жүйесі мәселелері бойынша кураторы, облыстық ІІД Полиция қызметкерлерінің жұмысын бақылау жөніндегі Қоғамдық Кеңесінің төрағасы секілді бірнеше қызметті қоғамдық негізде атқарып келе жатқан, елге, билікке әбден танымал азамат.

Ол облыс өңірінде әжептеуір шуға негіз болған осы мақалада келтірілген бірнеше ондаған деректерді ауадан қармап, жерден қазып алмағандығы белгілі. Жалпы біз білетін, ел білетін Мелханов қандай істі қолға алмасын, қандай ортада сөз алып, өз пікірін білдірмесін – ойдан шығарып, негізсіз деректерге жүгінбейтін жан деп білеміз. Сондықтан да редакция бұл мақаланы жарыққа шығаруға ешқандай қорқусыз, жалтақтаусыз келісім берді. Осы сыналған, аттары аталған мақаланың өн бойындағы жеке және заңды тұлғалар әзірге тыныштық құшағында. Әліптің артын бағып, дәйектер мен деректерді не бұрыс, не дұрыс деген уәж айтып жатқан жоқ. Осындай «тыныштықты» алғаш болып бұзған ОҚО құрылыс басқармасы мемлекеттік мекемесі мен осы басқарманың басшысы Е.Дауылбаев болып тұр.

Бізге 27.02.2014 жылы, шығыс нөмірі 5-6/820 санды хат екі парақта (қосымша тіркелген 3-парағы тағы бар) бізге жіберіліпті. Рас, онда басқарма басшысы Еркебұлан Дауылбаев газеттегі сын мақалада өздерінің аттарына айтылған нақтылы фактілер жөнінде өздерінің оны қуаттамайтындығын және үш бірдей негізгі себептерге байланысты негізсіз деп санайтындығын атап өткен. Газеттегі мәтінді хаттарында астын сызып тұрып көрсетіпті. Хатты қандай маманның дайындағандығы көрсетілмесе де, біз сол үзінді ретінде берілген газетегі тасқа басылған көлемдерден өріп жүрген қателерді есепке алғанымыз жоқ. Екі беттік әрі жауап, әрі ақталу, әрі қорқыту секілді бірнеше амалдарды қатар меңгерген Е.Дауылбаевтың хатының соңғы сөйлемдері бізді қорқытумен аяқталыпты. Соның біршамасын көпшілікке түсінікті болу үшін аздап сараптап, талдап көрелік.
Е.Дауылбаев мырза айтарын айтып, уәжін келтіріп, «тігісін жатқызып» келеді де, ҚР Азаматтық кодексінің 143-бабының екінші бөлімін негізге ала отырып, азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тегін теріске шығарылуға тиіс деп көрсетілгендігін біздің есімізге ойып тұрып салады. (Біз осы жауап мәтініндегі грамматикалық қателерді ол кісінің рұқсатынсыз оқырманға түсінікті болуы үшін «тегін» түзетіп беріп отырмыз ред.) Солай айтып-айтып келіп редакциядан келтірілген ақпараттарды теріске шығаратын мақала жариялауды әуелі сұранады, сөйтіп артынан олай етпеген жағдайда сотқа жүгінетінін ескертеді.
Әр басшының, әр азаматтың өзінің құқығын қорғауға, намысын таптатпауға, жалған мәлімет жала болып жабылса қарсы тұруға, заңмен қорғалуға қақысы бар. Егер Е.Дауылбаев Ө.Мелдехановтың аталмыш мақаласын ары қарай оқыса бізге беретін жауабы мен қорқытуы бұдан да гөрі мықтылау болар еді. Енді оны біз түсіндірейік. Мақала мәтінінде «…облыстық тексеру комиссиясы мемлекетке 4 360 787,0 мың теңге залал келтіруге жол берді деген қорытынды бойынша «ОҚО құрылыс басқармасы» ММ-нің басшылары А.Орманчина мен Е.Дауылбаевқа қатысты материалды 2013 жылдың 8 ақпаны күні Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне жолдаған. Бұл жөнінде дер кезінде шешім қабылданбағандықтан, тексеру комиссиясы материалды Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне 2013 жылдың 25 сәуірі күні қайталап жолдайды. Неге екені белгісіз, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті осы материалдар негізінде қандай шешім қабылдады, нендей қорытынды жасады, ол жөнінде тексеру комиссиясына әлі күнге дейін жауап берілмеген. Ал, Альмира Орманчинаның бұл күндері «пара алған», «Мақтаарал ауданында жүргізілген құрылыс бойынша мемлекет қаржысын талан-таражға түсірген» деген айып тағыла тұра, заңнан бой тасалап кеткені белгілі. Мүмкін, тексеру комиссиясы көрсеткен фактілер дер кезінде тексеруге алынып, А.Орманчинаның мәселесі бойынша нақты шешім қабылданғанда, қазіргідей халықаралық іздеу жарияланып, мемлекет қаржысы талан-таражға түспеген болар ма еді. Сіз бұған не дейсіз, Ерімбетов мырза? Әлде, А. Орманчина мәселесінің дер кезінде қаралмауы мен оның белгісіз жаққа бой тасалауына жол берілуінің астарында біз білмейтін сыр болуы мүмкін бе?»
Мәтіннің соңы осылай аяқталады. Сіз тексеру комиссиясы тарапынан екінші мәрте Қаржы полициясына материалдың жолданғандығын неге айтпағандығыңызды өзіңіз білесіз, Еркебұлан Дауылбаев мырза! Бұл жерде облыстық тексеру комиссиясы тексеруді шикі жүргізген, болмаса құрылыс басқармасының соңына шам алып түскен. Басқалай жауап жоқ. Енді өзіңіз төрелігін беріңіз, тексеріп алып, оның нәтижесін қайта-қайта сұратқан сол комиссия не бәлеқор, не ақымақ?
Жылан жылының басы Сіз үшін жақсы болып басталды, Еркебұлан мырза! Өмірі басшы құтаймайтын, бірі келіп, бірі кетіп, сапырылысып, экс-тердің бәрі батпаққа батқандай күй кешіп жатты. Әрі сол басшылардың біразының мамандығы құрылысқа мүлдем үйлеспейтін еді. Оны жақсы білесіз. Сіз де солардың қатарындасыз. Мамандығыңыз – сырттай, іштей оқып алған дипломдарыңызда экономист, заңгер, кеден ісінің маманы екеніңіз елге де, өзіңізге де белгілі. Құрылысқа үш емес, 10 мәрте қайнатса да сорпаңыз қосылмайды. Сіздің алдыңыздағы Тұманбек Әлиев деген ағаңыз да Сіз секілді «басқа ауылдың» адамы еді. Облыста тіс қаққан, құрылыстың етін жеп, сүйегін мүжіп, сорпасын ішкен талай майталман-марқасқалар бұл орынға келе алмай, білгенін бере алмай теперіш көріп жүр.
Газетті сотқа беру, мақаланы теріске шығарттыру жөніндегі талабыңыз дұрыс. Оған біз төрт қолымызды көтеріп келісеміз. Бірақ, жоғарыдағы сіздерге қатысты мақала авторы Ө.Мелдеханов ешқайсыңызды «ішіп қойды, жеп қойды» деп тұрған жоқ. Тексеру комиссиясының мемлекеттің теңгесін жұмсауда залал келтіруге жол берді деген қорытындысын ғана көлденең тартып отыр. Егер сіздер судан таза, сүттен ақ болсаңыздар несіне сонша байбалам салып, аттандап бізді қорқытып жатырсыздар? Өзіңіздің үшбу жауап хатыңызда мынандай сөйлемдер тұр: «Үшіншіден, тексеру комиссиясының бақылау қорытындысы бойынша құрылыс басқармасында барлық сомадан 4 360 787,0 мың теңгеге бұзушылықтар (қандай? Ред.) анықталған. Бұл бұзушылықтар (тағы да қандай? Ред.) мемлекетке келтірілген залалға жатпайды, тек қаржының бөліну тәртібі бұзылғандығы көрсетілген» деп айтасыз. Сонда, сіздіңше, қаржы мәселесінде ештеңе бұзылмаған ба? Соны уақытында әлгі тексерген «ақымақ комиссияға» миын шұқып тұрып неге түсіндірмедіңіз, А. Дауылбаев мырза!
Адам біреуді қорқытып, қатаң талап қойып, сұраныс жасау үшін әуелі өзіне-өзі есеп берсе қандай жақсы болар еді. Бұл сөзді неғып бұл араға қыстырып отырғанымызды сәл-пәл түсіндіріп кетелік. Әлгінде айттық, сіз Жылан жылы облыстың құрылыс басқармасына басшы болып келдіңіз деп. Сол кезде орынбасарыңыз экс-басшы Альмира Орманчина болды. Кейін, нақтысы 2013 жылдың шілде айында сол орынбасарыңыздың басына қара бұлт үйіріліп, ақыры «қашып кетті». Заңнан бой тасалады, содан бері ол кісінің не ары, не бері болғанынан сіз хабардар болмасаңыз, ел хабарсыз. Басшы мықты, талапшыл, қадағалауы күшті болса орынбасары мұндай жағдайға барар ма, еді, бармас па, еді? Енді оның жауабын қалай айтуды өзіңіз білесіз.
Біздің газет сіз жөнінде былтырғы жылдың қаңтарында «КОНТРАБАНДАМЕН КҮРЕСКЕН МАМАН ҚҰРЫЛЫСҚА КЕЛДІ» деген тақырыппен Сіз және бұрынғы басшылар, құрылыс басқармасы жайындағы ойларды қамтыған тақырыптағы мақаланы жариялаған еді. Одан бері «кеденнен келген құрылысшы» ретінде не тындырдыңыз? Біздің білетініміз осы 15 айда басыңыздан бір дау арылмады ғой. «Нұрсәтте» ашылған 500 орындық заманауи емхана, «Отырар» кітапханасы төңірегіндегі келеңсіздіктер сіздің атыңызды елге таныту үшін үлкен «жарнамаға» айналды. Еркебұланды ел білді. Осының бәрі БАҚ-тың (бұқаралық ақпарат құралдары) арқасы. Сол сізді танымал еткен көп БАҚ-тың бірі – «Уақыттың» үрейін ұшырып, балапан басылымды «бесігінде шырылдатып», қорқытып жатырсыз. 36 жастағы, ес тоқтатқан басшыға осы лайық па?
Енді сізге қаламгерлік бір-екі «ақыл айтсақ» артық болар демессіз. Біздің газеттің соңғы бетін, БАҚ туралы заңның баптарын байыптап көрсеңіз мынандай ескерту бар: «Автордың мақалалары, пікірлері редакция көзқарасын білдірмейді» деген. Ахмет Байтұрсынов деген атаңыз бұдан ғасыр бұрын «Газет – халықтың көзі, тілі һәм құлағы» деп айтып кеткен. Егер баспасөз де жазылған әр мақаланың, әр әрпінің түбін бігізбен шұқып, тексеріп отыратын болса, ол жарыққа шықпайды, әр автор өзінің жазғаны, келтірген дерегі үшін дербес жауап береді. Өйткені олар қандай да бір фактіні нақтылы негізге сүйеніп алатындығын ұмытпағанымыз жөн. Сол себепті, бізді сотқа сүйремес бұрын мақаланың «тірі авторы» ӨМІРЗАҚ МЕЛДЕХАНОВТЫ СОТҚА БЕРІҢІЗ. ЕГЕР ӨЗІҢІЗДІҢ, ЖАЛПЫ БАСҚАРМАНЫҢ ШАМАСЫ КЕЛМЕЙ ЖАТСА, ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫНАН ЖӘНЕ МАҚАЛАНЫҢ ӨН БОЙЫНДА АТТАРЫ АТАЛЫП, ТҮСТЕРІ ТҮСТЕЛГЕН ТАЛАЙ-ТАЛАЙ МЕКЕМЕЛЕРДІ «АСАРҒА» ШАҚЫРЫҢЫЗ. «КӨП ТҮКІРСЕ – КӨЛ» ДЕГЕНДЕЙ, БӘРІҢІЗ «БІР ЖАҒАДАН БАС, БІР ЖЕҢНЕН ҚОЛ ШЫҒАРЫП», ҚАУЫМДАСЫП ЖАТСАҢЫЗДАР, «ЖАЛҒЫЗДЫҢ ҮНІ ШЫҚПАС» ДЕГЕНДЕЙ ЖЕКЕ ШАПҚАН МЕЛДЕХАНОВ ҚАЙДА БАРАР ДЕЙСІЗ. АЙТҚАНЫНАН ТАНЫП, АЛДЫҢЫЗҒА БАРЫП, БАСЫН ИІП, «ТӘУБЕСІНЕ» КЕЛГЕН КЕЗДЕ «УАҚЫТТЫ» СОТҚА БЕРІҢІЗ. БІЗ «ЖАЛҒЫЗ» ДЕП «ЖЕТІМСІРЕТІП» ОТЫРҒАН МЕЛДЕХАНОВ ТА КІМ-КІМГЕ БОЛСЫН «ОСАЛ ЖАУ» ЕМЕС. ОНЫҢ АРТЫНДА ЕЛБАСЫ ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТЕТІН БАСШЫ ПАРТИЯ – «НҰР ОТАН», ОБЛЫСТА САН-МЫҢДАҒАН САЙЛАУШЫЛАРЫ, ҚАЛА БЕРДІ ӘДІЛЕТТІЛІКТІ ТУ ЕТІП КӨТЕРГЕН ҚАУЫМ ТҰР. ОСЫНЫ ҰМЫТЫП КЕТПЕЙ, ТӘУЕКЕЛІҢІЗ ЖЕТІП, ЖҮРЕГІҢІЗ ДАУАЛАСА, СОТҚА ТАЛАП-АРЫЗДЫ ТАЙСАҚТАМАЙ ЖАЗА БЕРІҢІЗ. МЕЛДЕХАНОВТЫ «ТАБАНЫҢЫЗҒА ТАПТАП, ӘБДЕН МЫЖЫП» БОЛҒАННАН КЕЙІН, БІЗГЕ «АУЫЗ САЛЫҢЫЗ».
БІРАҚ, МЫНА МӘСЕЛЕНІ ДЕ СОЛ АРЫЗДЫ ЖАЗАР АЛДЫНДА АРЫ АУНАП, БЕРІ АУНАП, БАСЫҢЫЗДЫ ОҢҒА, СОЛҒА ШАЙҚАП, ӘБДЕН ОЙЛАНУҒА КЕҢЕС БЕРЕМІЗ. ӨЙТКЕНІ ДӘЛ ОСЫ АТЫШУЛЫ МАҚАЛА ҚАЗІР ҚАРЖЫ ПОЛИЦИЯСЫНЫҢ БАС КОМАНДАШЫСЫ-АСТАНАДАҒЫ РАШИД ТҮСІПБЕКОВТІҢ АЛДЫНДА ЖАТЫР. ОНЫҢ ҮСТІНЕ ОСЫ МАҚАЛАҒА БАЙЛАНЫСТЫ ЖЕБЕСІНІҢ УЫ БАР «7-ШІ» АРНАНЫҢ «НЫСАНА» ДЕГЕН БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ НЫСАНАСЫНДА ТҰРҒАНЫН ДА ЖАДЫҢЫЗДАН ШЫҒАРЫП АЛМАУҒА КЕҢЕС БЕРЕМІЗ.
ҚР БАС ПРОКУРАТУРАСЫ, ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ, ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНЕ БІЗДІҢ ЖОЛДАҒАН ХАТЫМЫЗҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТИІСТІ ЖАУАПТАР КЕЛГЕНШЕ, САБЫР САҚТАП, СӘЛ КІДІРТЕ ТҰРЫҢЫЗ ДЕГЕН БІЗДІҢ КЕҢЕСКЕ ҚҰЛАҚ АСҚАНЫҢЫЗДЫҢ ДА ЗИЯНЫ ЖОҚ.
Сіз басқаратын басқарманың атын атауға кейде адамдар қорқады. Оған барған басшы әйтеуір бірдеңеге ілігеді. Сөйтіп, басы шатылып, не арызбен, не «қашып» құтылады. Сондықтан сіз де, арызға ілінбей, ілінсеңіз «қашып кетпей» аты-затына лайық болмай, А.Орманчина, Т.Әлиевтер абыройына әжептеуір нұқсан келтірген мекемені өрге сүйреп, атын жақсы жағынан аспанға шығарып жатсаңыз, бүкіл БАҚ жарыса жазып, есіміңізді елдің үлкені түгілі, бесіктегі баласына дейін танытар едік ғой. Шіркін, егер сондай күн туа қалса!
ОСЫ СІЗДІ, СІЗДЕН БҰРЫНҒЫ БАСШЫЛАРДЫ МАМАНДЫҒЫ СӘЙКЕС БОЛМАСА ДА, ҚОЛЫНАН КЕЛМЕСЕ ДЕ «БЫЛЫҒЫ МЕН ШЫЛЫҒЫ» КӨП АТАЛМЫШ ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНА АПАРЫП, ЕРІКСІЗ «КӨГЕНДЕП» ҚОЯТЫН ОБЛЫСТЫҢ ӘКІМІ АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВТІ ТҮСІНБЕЙМІЗ, КЕЙДЕ ЖАНЫМЫЗ АШИДЫ. А.МЫРЗАХМЕТОВТІҢ СЕНІМІН АҚТАМАҒАН ЭКС-БАСШЫЛАР БІРДЕҢЕНІ БҮЛДІРІП, ОЛ КІСІНІҢ АБЫРОЙЫ МЕН АТЫНА ТАЛАЙ МӘРТЕ НҰҚСАН КЕЛТІРГЕНІ ЖАНЫМЫЗДЫ АУЫРТАДЫ. СІЗ СОҒАН БАРМАҢЫЗШЫ, Е.ДАУЫЛБАЕВ МЫРЗА! АНАУ «НҰРСӘТТЕГІ» ЕМХАНА МЕН КІТАПХАНА СЕКІЛДІ ҚҰРЫЛЫСЫ БІТПЕГЕН ЖАЙЛАРДЫҢ ЛЕНТАСЫН БАСШЫЛАРДЫ «АЛДАП» АПАРЫП ҚИДЫРМАҢЫЗШЫ. СОНДА ҒАНА СІЗДІҢ ДЕ, СІЗ СЕКІЛДІЛЕР АРҚЫЛЫ ОБЛЫС БАСШЫСЫНЫҢ ДА, ЖАЛПЫ ОҢТҮСТІК ӨҢІРІНІҢ ДЕ АБЫРОЙЫ АРТАДЫ, БЕДЕЛІ МЫҒЫМ БОЛАДЫ.
Біз «ақылымызды» айтып болдық. Бұл кекету, мазақ ету емес. Шынайы ақыл. Осыған дейін айдарынан жел ескен талай басшылармен соттастық. Жаға жыртысқанымыз жоқ, бірақ өкініштісі сол – арамызда кірбің қалды. «Қазық қылып жерге қағып жіберемін бұл газетті» деген бастықтар ақыр соңында шалбарының арт жағын «қағып» ұяттан төмен қарап, төмен түсіп кеткен еді. Сол жолды сізге тілемейміз. Және біз қорықпаймыз, себебі – артымызда қалың ел тұр, бізді қолдайтын, дем беретін, қолтығымыздан сүйейтін, көзі ашық, көкірегі ояу саналы азаматтар тұр. Сондықтан сотыңызға қалай сүйресеңіз, олай сүйреңіз. Тек МЕЛДЕХАНОВПЕН «ИТ ЖЫҒЫС» ТҮСПЕЙ, ҚОС ЖАУЫРЫНЫН ЖЕРГЕ ҚАДАҒАННАН КЕЙІН, БІЛЕКТІ СЫБАНЫП БІЗГЕ ҚАРСЫ ШЫҒЫҢЫЗ. БІЗ БӘРІНЕ ДАЙЫНБЫЗ. Не сотта, не бейбіт аспанның астында көріскенге дейін күн жақсы болсын, құрметті Еркебұлан Дауылбаев мырза! «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ұлағатты сөзді ұяшығымыздан шығармай, бірімізді-біріміз батыр деп жүретін заманға қарсы жүзбейік. Сізге айтар соңғы сөзіміз де осы. Қазекең салмағы батпан «ӨЗІҢ БІЛ» дегенді босқа айтпаған. Бізде сізге осы сөзді сілтеме етіп жолдауды құп көреміз. Берер жауабыңыз, айтар «ақылыңыз» болса, оны қабылдаудан да қашпаймыз. Айтарыңыз – қарақан бастың қамы емес, елдің, мемлекеттің мүддесі төңірегінде болғай!

Талғат БАЛТАБАЕВ

РЕДАКЦИЯДАН:

Біз қорқытпаймыз, қорқытатынымызды қоқан-лоқы жасап алдын ала ешкімге ескертпейміз де. Тек сәуір айынан бастап редакцияның қоржынына түсе бастаған облыстағы құрылыс саласының тыныс-тіршілігі жайындағы мақалалар топтамасын біртіндеп жарыққа шығаратындығымыздан оқырманды құлаққағыс етпекпіз. Оның авторлары – елге танымал қалемгерлер мен басылымдардың басшылары. Бізде де өзімізге лайық, өзара қол ұшын беріп отыратын қауымдастық бар. Сондықтан алдағы уақытта құрылысқа қатысты, оның басшылары жайында кез келген басылымда мақалалар легі шығып жатса, оған таңданудың қажеті жоқ. Біз «қорыққан бұрын жұдырықтайды» деген қағиданы қалқан етпей, барды бар, жоқты жоқ дейтін тың жазбаларды, ондағы олқылықтар мен кемшіліктерді ине-жіптен өткізіп, көптің, биліктегі басшылықтың қаперіне салуды ғана парыз санайтындығымызды ескерткіміз келеді. Оған бәріміздің де дайын болғанымыз жақсы.