МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТҚА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛАДЫ

72
0
«Бизнес-идеяларын жүзеге асырғысы келетін шымкенттіктер 11 қыркүйектен бастап қайтарымсыз грант алуға өтінім бере алады». Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова Шымкент қаласы әкімдігінің Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте мәлім етті.
Өтінімдер «Business.enbek.kz» порталында электрондық цифрлық қолтаңба арқылы онлайн режимде қабылданады. Өтінімді еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ, мүгедектігі бар адамдар; қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар азаматтар; өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен көп балалы отбасылар және (немесе) олардың жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар; мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы); асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар санатындағы азаматтар тапсыра алады. Сонымен қатар, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.
— Үміткерлер ең бастысы бизнес-жоспарды әзірлегенде қаражатты мақсатты жұмсауларын нақты көрсетіп, комиссия отырысында бизнес идеяларын қорғаулары қажет. Өйткені грант тәуелсіз комиссиялардың шешімі негізінде беріледі. Комиссия мүшелері қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен құралған. Олар әр өтінімді егжей-тегжейлі зерделей отырып, әділ шешім қабылдауға тырысады-, деді басқарма басшысы Балмаржан Полатқызы. Биыл Шымкентте әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грантты жалпы саны 447 адамға беру жоспарланған. Жыл басынан бері өткізілген бірінші және екінші лектің нәтижесінде 228 азамат грант иегері атанды. 11-22 қыркүйек аралығында өтетін III-лекте қалған 219 грантқа өтінім қабылданатын болады. Мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.