ТАСКЕНДЕ ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

52
0
Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Таскен шағын ауданындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Байсал, Қызан, Сандуғаш, Айнабекұлы, Кемел, Қырмызы және №1, №2, №3 аты жоқ көшелердің жалпы ұзындығы 4,6 шақырымды құрайды.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов аты аталған көшелердің құрылыс басында болып, жұмыстың жай-күйімен танысты. Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекеме басшыларына стандартттық ережеге сай сапалы жұмыс істеуді тапсырды. Айта кетейік, жалпы жыл соңына дейін Таскен шағын ауданында 7,9 шақырымды құрайтын 16 көше орташа жөндеуден өтеді. Биыл жалпы қаламыздағы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында шаһар аумағында 243 нысан, яғни 297 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы қаламыздың жол инфрақұрылымын дамытып, сапасын жақсарту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Атқарылып жатқан жұмыстар жоғарыда аталған іс-шара аясында іске асырылуда.
Жол құрылыс жұмыстарының нәтижесінде жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы жыл соңында 71,2 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Бас жоспарға сәйкес, қала орталығынан шалғай орналасқан шағын аудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелеріне басымдылық берілуде. Жалпы Шымкентте қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында көшелерде жол таңбаларын жаңарту, бағдаршам, жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату, жаяу жүргіншілер өткелдері мен оң жақ өткелдер салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері белгіленген аумақтарға 1079 жол белгісі орнатылып, 220-сы жаңаланды, қажеттілігі бар аумақтарға 10 бағдаршам қойылды. Жыл соңына дейін тағы 4 мың дана жол белгісін орнату жоспарлануда. Қалада бүгінде 350 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылды. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар орындарда жол қауіпсіздігін қамту мақсатында 400 метр жасанды жол кедергілері орнатылды. Көлік қозғалысына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында Назарбеков — Бәйтереков көшелері қиылысында, Кеңжарық — Патеев көшелерінде, Бәйдібек би даңғылы, Тұран шағын ауданына бұрылыста оң жақ өткелдер құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ, Алаш, Бекжан базарлары маңында, Темірлан тас жолы мен А-2 айналма жолында 3 жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің құрылыс жұмыстары атқарылып жатыр.