ҚАЙТПАС ЕЛДІМЕКЕННІҢ КӨШЕЛЕРІ БИЫЛ 100 ПАЙЫЗ АСФАЛЬТТАЛАДЫ

70
0
Шымкент қаласы Қаратау ауданының аумағы 19 500 гектар жерді алып жатыр. Аудандағы халық саны 190 мыңнан астам, сондай-ақ мұнда 18 елді мекен орналасқан. Қаратау ауданындағы көшелер саны – 595. Ауданның жылдан жылға әлеуметтік экономикалық деңгейі жоғарылап, инфрақұрылымы дамып келеді.
Қаратау ауданына қарасты Қайтпас шағын ауданында бүгінде 15 мыңнан аса халық тұрады. Шағын аудан аумағында 3 891 жеке секторлы үй, 3 мектеп, 18 балабақша орналасқан. Қазіргі уақытта балалар ойын алаңшасын салуға тиісті жер қарастырылып, биыл балалар қуанышына орай пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қайтпас шағын ауданындағы 55 көшенің қазір 50-і асфальтталған, 5-еуіне шағал тас төселген. Айта кетейік, биыл шағын аудандағы асфальт төселген көшелер санын 100 пайызға жеткізу көзделуде. Сондықтан Ер Жәнібек, атауы жоқ №1,2,3,4 көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар биылғы жылы 6 көше, атап айтқанда Болашақ, Медеу, Ахметбаев, Дайрабеков, Ақбаев, Ақберен көшелері жарықтандырылады. Келесі жылы Көркем, Тұран, Әмірбеков көшелерін жарықтандыру жоспарланған. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес аталған шағын аудан интернет жүйесімен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, шағын ауданда №42, 24,57 бағыттағы қоғамдық көліктер қатынайды. Жалпы Қайтпас елдімекені 100 пайыз ауыз су, электр жарығы, табиғи газбен қамтылған. Айта кетейік, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2021-2023 жылдары 312 көшені жарықтандыру жоспарланған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен қалаларда тұрғындарға қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруды тапсырған болатын. Осы тапсырманы орынау мақсатында Шымкент қаласының әкімдігі «Шымкент қаласын жарықтандырудың құрылысын салу, қайта құру және пайдалану» жобасын әзірлеген. Жобаның аясында 2021 жылы Шымкентте 136 көше жарықтандырылды. Солардың арасында шалғай елді мекендер мен шағын аудандардағы Гүлдала, Жоламан, Ағайынды Тәжібаевтар, Сыздықов, Егемен ел, Қазына, Әлмахан қажы және Жабай ата, Аргоферма Қарасу, Ақсуат секілді көшелерді атап көрсетуге болады. Мұнан бөлек 2021 жылы 30 көшедегі ескі жарық шамдар, заманауи LED шамдармен алмастырылды. Шамы жаңарғандардың арасында Темірлан тас жолы мен Ю.Гагарин, Түркістан, Төле би секілді орталық көшелер де бар.Қаладағы жарықтандыру желілері автоматтандырылған басқару жүйесіне қосылып жатыр. Диспетчерлік орталықта қай көшелер қосылып немесе өшіп тұрғандығын, қай көшеде қанша жарықшам істен шыққандығын көрсететін бұл жүйеге әзірге 40 көше қосылған. Жыл соңына дейін 100 көше қосылады деп жоспарланып отыр.