256 АЗАМАТПЕН ТҮЗІЛГЕН КЕЛІСІМШАРТ БҰЗЫЛДЫ
Шымкентте жалға алынған пәтерді субсидиялауға бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы тексерілуде. Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы жүргізген мониторингке сәйкес, 256 азаматпен жасалынған келісімшарт тоқтатылды.
Естеріңізге салайық, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдер тағайындау және жүзеге асыру ережесі» туралы бұйрықта көрсетілгендей аталған бағдарламаға белгіленген топтар ғана қатыса алады. Олар: І, ІІ топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылар. Бұйрық күшіне енген сәттен бастап Шымкентте 1 769 азаматқа субсидия берілген. Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша жарамсыз 175 құрылыс нысаны бұзылды. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабының 10-бөлігіне сәйкес егер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер учаскесін беру туралы шешімінде өзгеше көзделмесе, жер учаскесінің нақтылы (белгілі бір жердегі) шекарасы белгіленгенге дейін және құқық белгілейтін құжаттар берілгенге дейін жер учаскесін пайдалануға жол берілмейді. Осы норманы сақтамау жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу деп бағаланады және ҚР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшіліктік жауаптылықты көздейді. Құқық белгілейтін құжаттары рәсімделмеген жер учаскелеріне қатысты мәмілелер жасасуға жол берілмейді. Заңсыз үй құрылыстары жүргізіліп, өз бетінше иеленген жер учаскелері, кезінде алаяқтық жолмен сатылып алынған. Қазіргі таңда аталған мән-жайлар бойынша аудандық полиция басқармаларымен тиісті іс қозғалып, тергеу-анықтау жұмыстары жүргізілуде. Қала әкімдігі және қала прокуроры арасында 2023 жылы «Жерді өз бетінше иеленуге жол жоқ» іс-шара жоспары түзіліп, 2023 жылы 31 қаңтарда қала прокуратурасының №3ө/7 өкімімен жұмыс тобы құрылған. Басты мақсат — қала аумағында бұрын салынғаны анықталған 2 314 тұрғын үйді зерделеп, ҚР Жер кодексінің талаптарына сәйкес, тиісті мекемелермен бірлесе мәселесін шешу. Өз кезегінде бұл жұмыс тобының мүшелері өз бетінше иеленген жерге салынған тұруға жарамды ғимараттарды иеліктен шығару құқығынсыз уақытша пайдалануға беру немесе салынған тұруға жарамсыз ғимараттарды бұздыру, содан соң аталған жер телімдерін мемлекет меншігіне өткізу жұмыстарын жүргізді.