ЕҢБЕК ДАУЛАРЫН ШЕШУ ТӘСІЛДЕРІ ТАРҚАТЫЛДЫ

81
0
Бүгін Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев және Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының сот-медиаторы Еркін Отарбаевтың қатысуымен еңбек дауларын шешу тәртібі бойынша баспасөз конференциясы өтті.
Кәсіподақ – еңбек ұжымдарындағы сан түрлі қызметті ұйымдастырушы, қарапайым жұмысшылардың мүддесін қорғаушы қоғамдық ұйым. Еңбек адамдарының арасында жүріп, олардың мұң-мұқтаждарын жедел шешуге атсалысатын да кәсіподақ. Еңбек қатынастарын реттеу кезінде кәсіподақтардың рөлі мен қызметі айрықша. Кәсіподақ ұйымының негізгі міндеті – жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік құқығын қорғауға, еңбек қауіпсіздігінің сақталуына жұмыс істейді. Ұжымда еңбек заңдылығы бұзылып жатса, мәселені ушықтырмай, оны жұмыс берушімен реттеуге, жазатайым оқиға болған жағдайда еңбек адамына қолұшын беріп, көмектесуге кәсіподақ келеді. «Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев: «Ең алдымен еңбек дауы дегеніміз не екеніне тоқталып өтейін. Еңбек дауы – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек не ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы келіспеушіліктер.
Еңбек дауларын туғызатын жағдайлар әр түрлі. Еңбек дауының ұжымдық және жеке сияқты, талап қоятын және талап қоймайтын түрлері бар. Жеке еңбек дауы — қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек туралы зандарды қолдану мәселелері жөніндегі, жұмыс беруші мен арасында бұрын реттелмеген жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын орындау туралы келіспеушіліктер. Соңғы кездері ұжымдық еңбек даулары елімізде әлеуметтік шиеленіс ошағына айналуда. Ал, әлеуметтік шиеленіс қоғамдық-саяси тұрақтылыққа кері әсер ететіні сөзсіз. Ұжымдық еңбек дауларына көбіне жұмыскерлердің алып отырған жалақысына қанағаттанбауы және оның уақытылы төленбеуі, тиісті еңбек жағдайларының жасалмауы, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп. Бүгінде кәсіподақтардың араласуымен және түсіндірме жұмысын жүргізудің нәтижесінде аталған еңбек даулары уақтылы шешімін табуда. Осы ретте ұжымдық еңбек даулары, оларды шешу жолдары жөнінде қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес түсіндірме бере кетейін. Ұжымдық еңбек дауы жұмыскерлердің талаптары туралы жұмыс берушіні жазбаша хабардар еткен күннен бастап туындаған деп есептеледі. Еңбек даулары екі сатыда — тараптардың келісімі бойынша немесе сот тәртібімен қаралады. Тараптардың келісімімен еңбек дауларын келісім комиссиясы қарауы мүмкін. Келісім комиссиясы негізінен мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымының бастамасымен құрылады. Келісім комиссиясы тараптардын бірлескен шешімі бойынша жұмыс берушілер мен қызметкерлердің саны тең өкілдерінен тепе-тең негізде құрылады. Қызметкерлердің өкілдері келісім комиссиясына ұйымның жалпы жиналысында сайланады. Жұмыс берушінің өкілдерін ұйым басшысы тағайындайды. Келісім комиссиясын ұйымдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жұмыс беруші жүзеге асырады. Келісім комиссиясы өз кұрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды. Келісім комиссиясы арыз берушінің өтінішін ол берілген күннен бастап үш күн мерзімде қарайды. Оны қарау нәтижелері бойынша келісім комиссиясының шешімі қабылданып, арыз берушіге беріледі. Келісім комиссиясының арыз берушінің талабын қанағаттандырған шешімін қарсы тарап үш күн мерзімде орындайды. Егер де қызметкер келісім комиссиясының шешімімен келіспесе үш айдың ішінде еңбек дауы бойынша сотқа арыздануға құқығы бар. Қызметкерлер еңбек құқықтық қатынастарынан туындайтын талаптар бойынша сотқа жүгінген жағдайда олар мемлекет кірісіне сот шығындарын төлеуден босатылады. Талап қоятын еңбек даулары еңбек туралы заңды, ұжымдық шарттар мен өзге де еңбек туралы келісімдерді қолдану жөніндегі алауыздықтарды шешуге байланысты болады. Бұл жағдайда дауласушы қызметкер өзінің бұзылған құқығын тану немесе оны қалпына келтіру туралы талап қояды. Талаптық сипаты бар еңбек даулары көбінесе жеке адамдардың даулары болып келеді. Талап қоймайтын сипаттағы еңбек даулары жеке және ұжымдық болуы мүмкін. Ұжымдық еңбек даулары талап қоймаушылық сипатта болып келеді және айрықша тәртіппен қаралады (әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия).