ЖАУАПТЫ САЛАҒА ҒҰМЫРЫН АРНАҒАН ЖАС ОТБАСЫ ТУРАСЫНДА БІРЕР СӨЗ…
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2013 жылғы қарашада жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсету дәстүрлерін жаңғырту және ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсіну мақсатында қыркүйектің соңғы жексенбісінде “Еңбек күні” болып бекітілген.
Осы орайда, бір салада еңбек етіп келе жатқан жас отбасылардың бірі — Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметінде басшылық ету бөлімінің бас маманы Азамат Сейілбек және Еңбекші ауданының полиция басқармасының кәмелет жасына толмағандар жөніндегі инспекторы Айдана Тұрдымұрат.
Көптің үлгі тұтып, сыйлайтын жас отбасылардың біріне айналған — Сейілбековтар отбасы. Адам өмірі мен ел тыныштығын қылмыскерлердің құрығынан сақтап келе жатқан отбасындағы жолдасы мен жұбайы бүгінде бір салада елге қызмет етіп келеді.
Азамат Сейілбек 1994 жылы Шымкент қаласы, Сайрам ауданында дүниеге келген. Ал жұбайы Айдана Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты, Келес ауылында туылған. 2013 жылы Қостанай қаласында ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түстім. 4 жыл ішінде белсенді жастар қатарынан бой көрсетіп, академия ішілік «Жайдарман» мүшесі болып, бірнеше жарыстардан командалық жүлдегер атанған. Алғашқы қызметтік жолы Түркістан облысында пробация қызметінің инпекторынан бастаған. Қазіргі таңда Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметінде басшылық ету бөлімінің бас маманы. Жұбайы Айдана Еңбекші ауданының полиция басқармасының кәмелет жасына толмағандар жөніндегі инспекторы қызметінде жұмыс атқарып келеді. Олар Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында танысқан екен. 2019 жылы шаңырақ құрған жас отбасылардың бүгінде Асылым есімді 2 жасар қыздары бар. Жұмыстарының қауыртты мен ауырлығана қарамастан жас отбасылар бос уақытын тиімді өткізуге тырысады. Азамат – жұмыстан қолы қалт етсе, кітап беттеріне үңіледі. Ал жұбайы бала кезінен жанына серік еткен волейболмен айналысады.
— Құқыққорғау саласында қызмет ету – үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Жұмыс болғасын ауыртпалығы да болады. Сүйікті мамандығын игерген адам жұмысқа да, отбасына да уақыт табатынына сенімдімін. Біз жас отбасы болғандықтан, уақытымыздың көп бөлігін отбасымызбен бірге өткізуге тырысамыз. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Қандай салада қызмет атқарсақта, ел мен жерге адал еңбек ету бәрінен маңызды болып табылады, — деді жас отбасының отағасы Азамат.