ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ АРТТЫРУ — ЗАМАН ТАЛАБЫ

71
0
Қаратау ауданы прокуратурасы, Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығы, Қаратау ауданы төтенше жағдайлар басқармасы, Қаратау ауданы жергілікті учаскелік полиция инспекторларымен бірлесе отыра, Қаратау ауданы аумағында орналасқан №58, №79, №132, №85, №102, №115, №116, №130, №72 пен №80 IT мектеп лицейінің оқушылары арасында кездесу ұйымдастырды.
Мақсат – кәмелетке толмаған жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мен төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады. Кездесуде кәмелет жасына толмаған жастар арасындағы қылмыс, ойын-сауық орталықтарындағы жүру фактілері, есірткі заттарын сату немесе тұтыну жөнінде бірқатар ақпараттар айтылып, отбасындағы зорлық-зомбылық пен төтенше жағдай барысында орын алатын келеңсіз жағдайлар туралы сөз қозғалды. «Біздегі басты мақсат – ертеңгі ұлт болашығының жарқындағы. Себебі, тұтастай бір елдің артында сіздердей білімді, ізденімпаз, бәсекеге қабілетті жастар тұрады. Бүгінгі таңда қоғамдағы белең алған түрлі жат қылықтарға толық иммундық жүйе қалыптастыра алуларыңыз шарт. Бұл – елдегі қылмыс санын азайтуға үлкен септігін тигізері сөзсіз», — деді прокурор Дінислам Русланұлы. Қаратау ауданы аумағында өткен кездесу соңында, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер арасында қылмыс жасап, өз ісіне өкінішпен қарайтын жастардың темір тордағы өкініші жөнінде арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді. Айта кету керек, құқықтық сауаттылық — жастардың үлкендерден қалыс қалмай, мемлекеттің құқықтық негіздерімен, саяси нормаларымен таныс болуы. Егерде жастар өзінің жеке басының құқығын жеткілікті түрде білетін болса, онда ол кез келген тығырықтан оңай шыға алады. Сол себептен жастардың өз құқығын қалыптастыра алуы үшін біріншіден, отбасы, білім ордалары мен өзінің араласатын қоғамы, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асыра алады. Сонымен қатар қазіргі заманда жастардың тақырыбы көп қозғалатындықтан, еліміздің әр өңірінде Жастар саясаты құрылып, сол арқылы жастарға түрлі бағыт-бағдар беріліп келеді.