ҚАЛА ӘКІМІ ТҰРАН ТҰРҒЫНДАРЫ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША АУДАНДА БОЛДЫ

91
0
Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков есептік кездесуде Тұран шағынауданы тұрғындары көтерген мәселелер бойынша арнайы баратынын жеткізген еді. Осыған орай тиісті мамандармен бірге аталған шағынаудандағы үйлердің құрылыс барысымен танысты.
Осыған дейін Тұран шағынауданында жылу жүйелерінен бірнеше рет ақау шыққан болатын. Арнайы сараптама тағайындалып, қазандықтардың жарамсыз екені анықталған. Оған қоса, тұрғындар тарапынан үй қабырғаларының сапасыздығы айтылған.
Қала басшысы тиісті мамандарға сапаны назарға алуды тапсырды. Алдағы уақытта жауапсыз мердігерлермен жұмысты тоқтатуды ескертіп, қарапайым халық зардап шекпеу керектігін баса айтты. Сондай-ақ құрылысты жүргізген мердігерлерге пәтерлердегі жылу жүйелерінің ақауларын тез арада қалпына келтіріп, қысқа дайындықты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Биыл қалада мемлекеттік бюджет есебінен 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Оның ішінде Тұран шағынауданында 1 112 пәтерлі 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан бері 540 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жоспар бойынша қалған 8 тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Айта кету керек, биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына еніп, баспанамен қамтылуда мемлекеттік қолдауға ие болады. Мемлекеттік жастар саясаты жөнінде қабылданған заң бірнеше жаңа нормаларды қамтиды.

Бағдарламаға қатысушыға қойылатын негізгі талаптар — жұмыс істейтін және 35 жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматы болса, өтініш берушінің ай сайынғы табысы 40 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) тен кем емес болуы (соңғы 6 ай ішіндегі), тұрғылықты мекен-жайы Шымкент қаласында үш жыл болуы, иеліктерінде соңғы 5 жылда ҚР аумағында тұрғын үй тіркелмеуі. Шымкент қаласында әзірге жастар бағдарламасы басталған жоқ. Бұл бойынша алдын ала БАҚ-та және әлеуметтік желіде хабарландыру жарияланатын болады.