АТАМҚҰЛОВ КӨШ БАСТАҒАНДАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА

303
0

Облыстардың және Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің тамыз айының қорытындысына байланысты рейтингтік көрсеткіштері таразы басына түсті. Бұл жолы әкімдер аламанының көшін Оңтүстік астананың әкімі Бауыржан Байбек бастап тұр.

Талай сындарлы шақтардан сүрінбей өткен Қызылорданың әкімі Қырымбек Көшербаев екінші, Астананың әкімі Әсет Исекешов үшінші, Ақтөбенің басшысы Бердібек Сапарбаев төртінші, Шығыс Қазақстанның тізгінін ұстаған Даниал Ахметов бесінші орынның тұғырына берік орнықты. Ал екінші бестіктің көшін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов бастап отыр. Одан кейінгі орындарға Жамбыл мен Маңғыстау облысының әкімдері жайғасты.
Өткен жылы осы қызметке келген Бейбіт Атамқұлов 14-ші орынға былтыр ілінген еді. Арада өткен 12 ай Бейбіт Бәкірұлының жылдық жұмысына орынды баға берген сыңайлы. Бір жыл ішінде мұндай көрсеткішке жету көп еңбекті, талмайтын ізденісті, қажырлы жұмысты, істің көзін оңтайлы таба білуді талап етері сөзсіз. Оңтүстік өңірінің басшысы қысқа мерзім ішінде біршама жұмыстарды өз деңгейінде атқара алды деп нақтылап айтуға осыдан кейін толық негіз бар. Әсіресе оның сырттан инвестиция тарту, құрылыс саласын барынша өркендету, халықпен етене араласып жұмыс істеуі көрсеткішінің көтерілуіне өзінің мол септігін тигізді. Енді ғана облыс аумағымен терең танысып, оның тыныс-тіршілігінің тамырын дөп баса білген әкімнің қазіргі тынымсыз тірлігіне қарағанда алғашқы бестікке ілінер кезі алыс емес секілді. Әкімнің көрсеткіші қарақан басының деңгейімен емес, елдің әлеуеті мен әлеуметтің жағдайымен, атқарылған ауқымды істермен ғана өлшенбек. Аламанда алқынбай, алғы шептен шығып, әкімдердің көшін бастап жатса – ол өңірдің абыройы.

А.САТЫБАЛДЫ.