СПОРТТЫҚ ШАРА ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТТІ

65
0
Шымкент қаласында 18 қазан – Рухани келісім күніне орайластырылған діни конфессия өкілдері арасында спартакиада өз мәресіне жетті. Татулық пен келісімді нығайтатын, бұқаралық спортты насихаттайтын бәйгені қаланың Дін істері басқармасы мен «Жалын» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отыр.
Сайысқа Шымкент қаласының діни конфессия өкілдерінен жасақталған 20 команда спорттың футбол, үстел тенисі және шахмат түрлерінен бақ сынасты. ҚМДБ Шымкент өкілдігінің найб-имамы Мұхамеджан Естеміровтың айтуынша, бүгінгі спорттық іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған, қатысушылардың да белсенділігі өте жоғары.
– Бірлік пен спортты насихаттайтын мұндай іс-шаралар жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Діни бірлестіктердің спартакиадаға қатысу белсенділігі өте жоғары. Елімізде түрлі ұлттар мен дін өкілдері мекен еткен. Дін өкілдері арасындағы ынтымақты нығайту үшін бүгінгі сайыстың мәні зор деп білеміз. Орталық мешіт – Ақмешіт жанынан ұлттық спортты дамыту орталығы ашылған. Сонымен бірге, медреседе білім алатын шәкірттерден құралған футбол, үстел тенисінен де команда жасақталған. Спорт – жан мен тән саулығының кепілі. Біз жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау үшін осылай спортпен шұғылдануына жағдай жасап отырмыз. Бүгінгі жарыста Ақмешіттің атынан қатысқан 5 команда өте жақсы ойын көрсетті, — деді Мұхамеджан Жамантайұлы. Спорттық сайыс медицина қызметкерлерінің бақылауында сақтық шараларын сақтай отырып ұйымдастырылған. Ойын нәтижесінде футболдан 1 орынды «Барс» командасы, 2 орынды «Атсербек», 3 орынды «Ақмешіт» және 4 орынды «Әл-Фараби» командалары иеленді. Шахматтан 1 орынға — Данил Олейников, 2 орынға — Хамра Валаев және 3 орынға — Равшан Жолаев лайықты болды. Үстел теннисінен 1 орынды Михаил Миханов, 2-шіні Заманай Саматов, 3 орынды Асамедин Юсупов қанжығалады. Барлық қатысушылар ұйымдастырушылардың атынан алғыс хатпен марапатталды. Ал жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен кубок табысталды.