ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН

562
0
Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2023 жылғы 01 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес, 2023 жылғы 26 желтоқсанда жұмыс орындарындағы кәсіптік тәуекелдердің алдын алуға және болдырмауға бағытталған 2030 жылға дейінгі Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданды.
«Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы жалпы еңбек жағдайларын жақсарту арқылы жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталып отыр», — деді Шымкент қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қалжанов Бауыржан Ахметәліұлы, Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында берген баспасөз конференциясы барысында.
Тұжырымдама жобасы төрт міндетті жүзеге асыруға бағытталған. Олар:
— тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту;
— кәсіптік тәуекелді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру;
— еңбекті қорғау саласындағы кәсіптік құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту;
— еңбекті қорғау саласындағы бақылау және мониторингтің тиімділігін арттыруды шешу.
Сонымен қатар аталған құжат келесідей алты бағыт бойынша іске асырылатын болады.
1) кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша жұмыс орнын саралау;
2) кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша жеке қорғаныс құралдарын таңдау;
3) сақтандыру тарифін кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша саралау;
4) кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін адамдарға әлеуметтік кепілдіктердің түрлері мен көлемдерін саралау;
5) еңбекті қорғау саласында оқыту сапасын арттыру және кәсіби тәуекел дәрежесін ескере отырып құзыреттерді дамыту моделін енгізу;
6) еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау мен статистикалық мониторингтің жаңа форматын енгізу.
2024 жылғы 01 қаңтардан бастап Тұжырымдаманың тетіктерінің бірі зиянды еңбек жағдайларында жұмыс жасайтын жұмыскерлерге арнайы әлеуметтік төлемдер тағайындау көзделіп отыр. Тұжырымдаманы тиімді іске асыру және арнайы әлеуметтік төлемдерді дұрыс, уақытылы тағайындау мақсатында ірі 26 еңбек ұжымында түсіндірме-семинарлар өткізілді.