ШАҺАР БАСШЫСЫ ЖАСТАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

1759
0

Үшінші мегаполисте жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалып келеді. Бүгінде осы мүмкіндікті пайдаланып, белгілі бір жетістікке жетіп жатқандардың қатары қалың. Қала берді, елімізде өскелең ұрпақтың өзекті мәселелерін шешу мақсатында облыс пен қала әкімдерінің бастамасымен кездесулер де өткізіліп жатыр. Мәселен, күні кеше Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мегаполис жастарымен еркін форматта кездесу өткізді.

Келелі кездесу барысында шаһар басшысы бәсекеге қабілетті жастардың қандай болуы керегі турасындағы өз ойымен бөлісті. Қала әкімінің айтуынша, жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, жігері мен құлшынысын дұрыс арнаға бағыттай білсек, Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналып, әділетті қоғам орнайды. Ол үшін бүгінгі жастарымыз Мемлекет басшысы айтқандай, ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Яғни отаншыл, білімпаз, еңбекқор, әділ әрі жанашыр болуы тиіс. Шымкент – жастардың қаласы. Мемлекет бүгінде өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына, жұмысқа орналасуына, баспанамен қамтылуына және жеке кәсібін бастауға жан-жақты қолдау көрсетуде. Мұның барлығы жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталады. Ең бастысы, оның механизмі жастар үшін қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Жеке және кәсіби тұрғыдан өсу, жұмысқа орналасу немесе тұрғын үй алу үшін қаламызда қандай мүмкіндіктер бар екенін әркім білуге тиіс.

Үшінші мегаполисте жастар арасындағы мәселелерді шешу бойынша кешенді шаралар жүзеге асып келе жатыр. Мәселен, жұмыспен қамтуды көздейтін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұдайы өткізіліп жатыр. Биыл жастар практикасына 3 554, «Алғашқы жұмыс орындарының жобасына» 1 031 және «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 20 орын қарастырылған. Нәтижесінде 4500-ден астам жас жұмысқа орналаспақ. Қала берді, кәсіп бастауға ниетті жастарға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие беру, мемлекеттік грант бөлу мүмкіндіктері тағы бар. Дарынды жастар мен еріктілерді ынталандыру бойынша арнайы бастамалар көтеріліп отыр. Жыл соңына дейін арендалық бағытта 900 пәтер беру жоспары тағы бар.

Жиын барысында қала әкімі жастарға белсенді, патриот, ізденімпаз болуға кеңес берді. Салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Кездесуге қаладағы түрлі ұйым мүшелері, оқу орындары студенттері мен белсенді жастар қатысты. Еркін форматта өткен жиында жастар өзекті мәселелерін ортаға салып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.