АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДА «DIGITAL ALMATY-2024» ЦИФРЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТІП ЖАТЫР
Алматыда «Digital Almaty-2024»: «Industry X: Болашақтың цифрлық эволюциясы» VI цифрлық форумы өз жұмысын бастады. «Digital Almaty» — бұл IT-сала мамандарын біріктіретін ірі халықаралық алаң және тәжірибе алмасу мен ынтымақтастықтың басты орны.
Алтыншы форум цифрлық индустрияның жаңа дәуірін қалыптастыруға бағытталған тәжірибе, идеялармен алмасу үшін ШЫҰ және ЕАЭО елдерінің мемлекет қайраткерлерін, жетекші сарапшылары мен кәсіпкерлерін біріктіреді.
Елімізде алтыншы рет өтіп жатқан форум биыл 1-3 ақпан күндері аралығын қамтиды. Digital Almaty Govtech, 4.0 Индустриясы, ESG, Smart City және басқа салалардағы өнеркәсіптегі цифрлық трансформация және инновациялық шешімдер тақырыптарын ашатын ауқымды іскерлік бағдарламаны ұсынады.
Форумның салтанатты ашылуында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин құттықтау сөз сөйледі.
Панельдік пікірталастар шеңберінде халықаралық сарапшылар, сала көшбасшылары, IT және бизнес саласындағы жетекші инноваторлар қатарынан 200-ден астам спикер қатысады. Олар экономика мен инновацияның нақты секторында жаңа технологияларды қолдануда табысты кейстермен бөліседі. Үш күн өтетін цифрлық іс-шараға 30 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде.
Сондай-ақ, IT-экожүйе саласындағы жобалар туралы тәжірибе және ақпаратпен бөлісетін отандық ірі жер қойнауын пайдаланушылардың, технопарктердің, технологиялық компаниялардың көрмесін өткізу жоспарланған.
Бағдарламада 40 панельдік сессия бар, онда халықаралық және отандық IT-қоғамдастықтың атынан 200-ден астам спикер сөз сөйлейді.