АДАЛ АЗАМАТ – ЕЛ ТІРЕГІ

Шымкент қаласында «Ауыл» партиясының жастар қанатының белсенді мүшелері бас қосты. Жастардың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға бағытталған бұл жиын партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ғани Қарабеков пен президиум төрағасы Талғат Айтбаевтың жетекшілігімен өтті.
Кездесу Республика күні қарсаңында және партияның 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Мерекелік рухта өткен іс-шарада «Ауыл» партиясының дамуына өз үлесін қосқан белсенді жастар «Ауыл партиясының 25 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталды. Бұл марапат олардың ел дамуы мен партия қызметіндегі белсенді еңбегіне берілген лайықты баға болды. Жиын барысында «Адал азамат – ел тірегі» тақырыбында мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылды. Жастар еліміздің дамуындағы адалдық пен жауапкершіліктің рөлін талқылап, қоғамдағы әділдік қағидаттарын сақтаудың маңызын сөз етті. Пікірталас аясында қатысушылар өз ойларын ашық айтып, бүгінгі жас буынның ел тағдырындағы рөлін айқындайтын ортақ ұстаным қалыптастырды. Сонымен қатар, кездесуде еліміздегі волонтерлік қызметтің маңызы мен оның қоғамдағы орны туралы кеңінен айтылды. Волонтерлік қозғалыстың жастарды біріктіріп, әлеуметтік жауапкершілік пен мейірімділік сезімін қалыптастырудағы рөлі ерекше атап өтілді. Партияның жастар қанаты өкілдері алдағы уақытта да еріктілер қозғалысын дамыту, әлеуметтік жобаларды іске асыру және ауыл-аймақтардағы жастармен тығыз байланыс орнату бағытында жұмыс жүргізетінін жеткізді.
«Ауыл» партиясының төрағасы Ғани Қарабеков жастарға арнаған сөзінде елдің болашағы сенімді, білімді және патриот жастардың қолында екенін атап өтті. Ол жастарды әрқашан белсенді болуға, туған жердің дамуына үлес қосуға шақырды. Ал Талғат Айтбаев өз кезегінде партияның жастар қанаты еліміздің әлеуметтік және рухани өміріне жаңа серпін беретін күш екенін айтты. Жиын соңында қатысушылар адалдық, еңбексүйгіштік және елжандылық қағидаттарын негізге ала отырып, қоғамға пайда тигізетін нақты бастамаларды жүзеге асыруға ниет білдірді. Олар бір ауыздан: «Бүгінгі ұрпақтың басты міндеті – адалдықты ту етіп, ел болашағына өз үлесін қосу», – деген ойды ортақ ұстаным ретінде қабылдады. Мұндай кездесулер жастардың өзара байланысын нығайтып қана қоймай, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға, қоғам өміріне қатысуына жол ашады. «Ауыл» партиясының жастар қанаты алдағы уақытта да елдің өркендеуіне бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп, жаңа буынның бойында азаматтық жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруды мақсат етеді.



