«ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫ БАСТАУ АЛДЫ
Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқу курсы бастауына орай брифинг өтті. БАҚ өкілдеріне арналған ресми жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы бойынша қаржы эксперті, ментор Мақпал Чеңгелбаева жобаның мақсаты мен міндеті жайлы кеңінен ақпарат ұсынды.
Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының филиалына хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні. Оқу тегін.
Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда пилоттық режимде бастау алды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақтар бойынша кеңес алады. Сондай-ақ, оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.