ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАРҒА ҚАРСЫ ЕКПЕ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

2260
0
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев мәлімдеді.
«Түркістан облысында жаппай иммундау науқанында екпе алғандар саны 175 366-ға жетіп отыр. Оның ішінде 6-10 айлық аралығында – 22 867 бала, 2-4 жас аралығында – 139 039 бала және 5 017 медициналық қызметкер бар. Осылайша қосымша жаппай иммундау науқанында жоспарланған 189 000 адамның 93,4%-ы орындалып отыр. Одан бөлек, қызылша ауруының таралуына жол бермеу мақсатында медициналық ұйымдар арасында мониторинг жүргізілді. Бүгінде қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундауды дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде»,- деді басқарма басшысы.
Брифингке қатысқан басқарма басшысының орынбасары Салтанат Жабағиеваның айтуынша, күнделікті бақылау жұмыстарының нәтижесінде облыста инфекциялық аурулармен ауыратын науқастардың саны азайған. Бұдан бөлек, былтырғы эпидемиологиялық кезеңмен салыстырғанда тұмау инфекциясы да 1,7 есеге төмендеген. Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап еліміздегі 11 жасар қыздарға папилломавирусқа қарсы екпе салынатындығын айтты. Мамандардың пікірінше, бұл — жатыр мойны қатерлі ісігінен қорғайды.
Айта кетейік, облыстағы медициналық ұйымдарда жұқпалы ауруларға арналған жалпы 1 032 төсек-орын бар. Ал қазіргі таңда ем алып жатқан науқастар саны – 433.