№2 ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫНДА МАЗМҰНДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының жұмысы жүйелі түрде жалғасуда. Бұл жолғы маңызды кездесу Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «№2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұжымымен өтті.
Кездесуге «Қызмет» салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серік Әуесханов, мекеме директорының орынбасарлары Элмира Байболова мен Асқар Үсенбаев, сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты. Кездесу барысында ұжым мүшелерімен кәсіподақ қызметінің мақсаттары мен міндеттері, еңбек қатынастарына қатысты заңнама нормалары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Серік Әуесханов қатысушыларды еңбек құқығын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, ұжымдық шарттар жүйесі, әлеуметтік әріптестік секілді маңызды бағыттар бойынша ақпараттандырды. Ұжым мүшелері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі жан-жақты жауаптар алды. Бұл кездесу — ашық пікір алмасуға, еңбек қатынастарының әділетті жолмен реттелуіне мүмкіндік беретін шынайы диалог алаңы болды. Жиын соңында кәсіподақ ұйымына ерекше үлес қосып жүрген қызметкерлер мен мерейтой иелері марапатталды. Бұл – еңбек адамын құрметтеу мен марапаттаудың жарқын үлгісі. Жиын тек марапатпен ғана шектелген жоқ. Кәсіподақ комитетінің үздік жұмысы мен ұжым белсенділігін ескере отырып, мекеме қызметкерлеріне жүзу бассейніне 4 абонемент (жалпы құны – 60 000 теңге) сыйға тартылды. Бұл — тек материалдық емес, рухани және денсаулықты нығайтатын қолдаудың нақты көрінісі.
Іс-шара соңында ұжым мүшелері үшін мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, мекеме қабырғасында еңбек етіп жүрген жандардың көңілін көтеретін әсерлі сәттермен аяқталды. Бұл кездесу кәсіподақтың тек еңбек мәселелерін шешіп қана қоймай, ұжымның моральдық-психологиялық ахуалын жақсартуға да көңіл бөлетінін көрсетті. №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында өткен бұл жиын – кәсіподақ пен еңбек ұжымының өзара сенімі мен серіктестігіне негізделген әлеуметтік диалогтың жарқын үлгісі. Мұндай іс-шаралар жұмысшылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбекке деген ынтасын нығайтуға және ұжымдық рухты қалыптастыруға үлкен үлес қосады. «Қызмет» салалық кәсіподағы алдағы уақытта да еңбек ұжымдарымен осындай форматтағы кездесулерді жалғастырып, нақты істер арқылы әлеуметтік әділеттілік пен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ниетті.