ТҮЛКІБАСТА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ МЕН КӨГАЛДАНДЫРУ БОЙЫНША МАҢЫЗДЫ ШАРА ӨТТІ

227
0

16 наурызда Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданы, Машат ауылында елді мекендерді көгалдандыру, балық шаруашылығын дамыту бағытында семинар-кеңес өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей тапсырмасы аясында өткен маңызы зор жиында көгалдандыру бойынша бірқатар маңызды шаралар ұйымдастырылды.

Тарқатар болсақ, дәл осы күні аудан бойынша жалпыхалықтық сенбілік өткен болатын. Осының негізінде ауылда болашақта бой көтеретін саябақтың қазығы қағылды. Игі істі ауыл тұрғындары қолға алып отыр. Бастаманың басы-қасында жүрген ауыл азаматы Бекзат Төреевтің айтуынша, ауылдан түлеп ұшқан азаматтар туған жеріне еңбек сіңіріп, гүлденуі үшін қолдан келер барлық істе аянып қалмауы керек. Өз сөзінде «Мектепті бітіргенімізге 50 жыл болды. Осындай атаулы датада сыныптастар болып, ауылға игі іс жасауды жоспарладық. Сондықтан осы істі қолға алып отырмыз. Бұл саябақ Машат ауылдық округіне қарасты 5 ауылдан да көрінетін ең биік жерге түсіп жатыр. Мұнда су, жарық сияқты мәселелер шешілген. 70 соттық жер бөлінді. Саябақтың сызбасын да дайындадық. Онда демалатын орын, балалар ойнайтын алаңшалар болады. Осы істі жүзеге асырып алсақ, болашақта аумағын кеңейту жоспары да бар» деп атап өтті ауыл тұрғыны. Демалыс орнының қазығын қағуға Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, Түлкібас ауданы әкіміннің орынбасары Марат Жанесен және ауыл ақсақалдары қатысып, игі шараға мұрындық болған ел ағаларына алғысын білдірді. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.

Бұдан кейін қонақтар мен тұрғындар ауыл мешітінің ауласына ағаш екті. Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Марат Жанесеннің айтуынша, дәл осы күні аудан көлемінде жаппай сенбілік ұйымдастырылды. Ондағы басты мақсат – көгалдандыру мен абаттандыру. «Биылғы жылы бізге облыстан 32 800 көшет бөлінген. Бүгінгі күні 21 700 көшет әкелініп, егу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасы аясында алдағы 2 айда жаппай сенбіліктер өтеді. Ал санитарлық тазалық пен көгалдандыру жұмыстары қарашаға дейін жалғасын табады» дейді аудан әкімінің орынбасары. Деректерге сүйенсек, Машат ауылдық округінің табиғаты мен топырағы ағаш егуге қолайды. Сондықтан егілген көшеттердің көктеу көрсеткіші жоғары. Ал өңірге қажет көшеттер «Жасыл аймақ» КММ тарапынан жеткізілген.

Бұдан кейін іс-шара Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Марат Жанесен, облыстық балық шаруашылығы ассоциясының төрағасы, басқарманың салаға жауапты қызметкерлері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, балық шаруашылығы саласының кәсіпкерлері мен ауыл тұрғындары қатысқан семинар-кеңеспен жалғасты. Онда облыста балық шаруашылығын дамыту мәселелері мен өңірдің елді мекендерін көгалдандыру шарасының іске асырылу барысы талқыланды. Іс-шара аясында  қатысушылар Машат ауылында үй іргелік жерлерде ашылған «Райымбеков Мадияр» ЖК, «Батырбек» ЖК және «Жеті үй» балық шаруашылықтарының жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Мадияр Райымбеков 1 га жердің 0,4 га жеріне көл қазып, 1 мың дана маринка сазан жіберген. Алдағы уақытта тоғанды 0,5 га аумаққа ұлғайтып, тағы да 15 мың шабақ жіберуді жоспарлап отыр. Ал Ералы Батырбеков үй іргелік жердің 0,2 га жер теліміне жасанды бассейн жасап, 20 мың дана фарель жіберген. Алдағы уақытта қосымша 0,2 аумаққа бассейн соғып, кәсібін ұлғайтуды көздеп отыр. Семинар-кеңес әрі қарай «Жеті үй» ЖК қарасты тоғанды балық шаруашылығында жалғасты. Мұнда  Шардара, Келес аудандары мен аудандық балық шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың өнімінің көрмесі көпшілікке ұсынылды.

Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтың айтуынша, мұндай бастаманың маңызы зор. «Қазіргі уақытта облыс әкімінің тапсырмасы аясында балық шаруашылығын дамыту мен көгалдандыру жұмыстарын жүргізу бойынша бірқатар бастамалар жүзеге асып келеді. Былтыр облыста жалпы 10 мың тонна балық өндірілді. Биыл межені 15 мың тоннаға жеткізу жоспары бар. Жалпы дүниежүзілік стандарттарға сәйкес, бір адам орташа есеппен жылына 16 кг балық жеуі керек. Бізде бұл көрсеткіш шамамен 4 кг шамасында. Бұл алдымызда үлкен меже жатқанын көрсетеді. Бұл ғана емес, өңірімізде балық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар мен цехтар ашу арқылы өнімді экспортқа шығаруға ұмтылуымыз керек. Сондықтан балық шаруашылығын дамыту жұмыстары асқан ыждағаттылықпен қолға алынып отыр. Ол үшін ауданның географиялық ерекшеліктері ескерілуде. Мәселен, Шардара сазан балығын өсіруге қолайлы болса, Түлкісбаста форель, маринка сынды балықтарды өсіруге болады» дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 80-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Облыста тауарлы балық өсірумен тоғанды балық шаруашылықтарын қоса алғанда 230-дан аса кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Соның ішінде Түлкібас ауданында 20 шаруашылық бар. Түлкібас ауданында балық шаруашылығын ашуға қызығушылар қатары жыл санап артып келеді.  Балық өсірумен 2020 жылға дейін 2-3 қана шаруашылық айналысып келген болса, 2024 жылы балықтың сазан, карп, амур түрлерін өсіруді 60-тан астам шаруашылық қолға алып, айналысуда. Ауданның басқа өңірлерден ерекшелігі бастау көздерінен шыққан суларға балықтың форель түрлерін өсіруге мүмкіндігі бар. Сол себептен тамақтандыру орындарында үлкен сұранысқа ие балықтың форель түрін асырап мол табысқа жетуге болады.

Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Балықты ауылдық округі аумағындағы 2 азамат балық шаруашылығын дамыту бойынша 9,5 млн теңге көлемінде несие алып, өз кәсібін ашты. Биыл  осы бағдарлама аясында 20-дан астам шаруашылық балық шаруашылығын дамытуға құжаттарын рәсімдеуде. Бұдан бөлек биыл көктем айларында босатылып, егілетін көшеттердің, аудан, қала әкімдіктерімен талапқа сай егілуі мен күтіп бапталуына қадағалауды күшейту мақсатында табиғат қорғау прокуратурасы қызметкерінің қатысуымен жұмысшы топ құрылып, аралау кестесі бекітілген болатын. Осы орайда, басқарманың ұйымдастыруымен Қазығұрт ауданында аудан, қала әкімдіктерінің, басқарма мамандары мен ғалымдардың, орман шаруашылығы қызметкерлерінің қатысуымен «Елді мекендерді көгалдандыруға арналған» семинар-кеңес өткізілді. Онда көшеттерді қазу, тасымалдау, егу және күтіп баптау мәселелері теориялық тұрғыда талқыланып, жан-жақты түсіндірілді. Түлкібаста өткен  семинар-кеңесте елді мекендерді көгалдандыру мақсатында егілетін көшеттерді егетін жерді таңдау, егу, күтіп баптау шаралары қатысушыларға практикалық тұрғыда көрсетілді. Көктемгі ауа райының қолайлы мерзімінде орман шаруашылығы мекемелерінен әкімдіктерге қажетті көшеттерді босату, елді мекендерде егу жұмыстары жүргізілуде.