ҰЛТТЫҚ САНА ЭКОЛОГЯСЫН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРУ МАҢЫЗДЫ
Еліміздің азаматтарының ертеңгі күнге деген сенімі мен үмітін нығайту арқылы қоғамдық, ұлттық сананың біртұтастануы бағытында маңызды рөлі атқарып отырған Ұлттық құрылтай шын мәнінде саяси билік пен қоғам арасындағы диалог алаңына айналып отыр.. Атырауда өткен үшінші отырыстың күн тәртібі жалпы қоғамдық топтасу мен жалпыұлттық құндылықтарды дамытудың өзекті мәселелері мен оларды шешудің жолдарын қамтыды. Құрылтайда елдегі азаматтық қоғам, мәдениет, өнер мен жалпы руханият мәселелерімен қатар білім және ғылым, әлеуметтік экономикалық және аймақтық даму мәселелеріне қатысты сөз қозғалып, олар бойынша құрылтай мүшелері қоғамда қордаланған мәселе бойынша өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.
Алқалы жиында сөз сөйлеген ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес» -дей келе, ел назарын қоғамдық кеселге айналып отырған бірқатар жағдайларға аударды. Оның ішінде Президент тарапынан «қоғамда адамдардың әлсіздерге әлімжеттік көрсету мен қорлауы» ғана емес, азаматтарымыз тарапынан тумса табиғатқа деген «жабайылық» сипаттардағы әрекеттері де сынға алынды. Бұл орайда, ұлттық құндылықтарын дамыту арқылы жақсы жетістіктерге қол жеткізіп отырған өркениетті елдердің тәжірибелері маңызды екенін нақты айтты. Әсіресе, Президенттің «Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек» деген сөздері тұтас қоғамның, оның ішінде тиісті салалар мамандарын әзірлеп отырған ЖОО-ның алдындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді нақты айқындап тұр.
Қорыта айтқанда, жиын жұмысының нәтижелері қоғамдағы осындай түйінді тұстардың оң шешімі қоғамдағы руханияттың үйлесімді дамуына, оның ішінде ең алдымен ұлттың жаңа экологиялық санасының жоғары деңгейіне бағытталған шаралар арқылы өз шешімдерін біртіндеп таба бастайтынына көз жеткізе түсті.
Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент — Сүгірбаева Гүлжан Дәулетбекқызы