СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ КӨРІНІСТЕРІНЕ НӨЛДІК ТӨЗІМДІЛІК ҚАЛЫПТАСТЫРУ МАҚСАТЫНДА ЖИЫН ӨТТІ

4494
0

Қоғам кедергісіз дамуы үшін елде, оның ішінде билік тармақтарында сыбайлас жемқорлық болмауы керек. Өйткені аталған мәселе бүгінде елімізде ушығып тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына сәйкес, Президенттің 2022 жылғы 2 ақпандағы Жарлығымен елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Дәл осы тұжырымдамаға сәйкес, еліміздің барлық өңірінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, онымен күресу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Осы орайда, Түркістан қаласы әкімдігінің Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінде аталған тақырыпты арқау еткен жиын өтті.

Тарқата баяндасақ, сыбайлас жемқорлық көріністеріне нөлдік төзімділік қалыптастыру мақсатында арнайы кеңес ұйымдастырылды. «Сыбайлас жемқорлық көріністеріне нөлдік төзімділік қалыптастыру» тақырыбында өткен жиында бөлім мамандары кеңесіп, өз пікірлерін ортаға салды. Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекетіміздің бірден-бір қолға алған факторларының бірі. Оның алдын алу үшін көптеген іс-шаралар қолға алынды, атқарылған жұмыс та аз емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе» деп атап өтті. Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін де тілге тиек еткен болатын. Бұл бағытта бірқатар маңызды міндет атқарылған, атап айтқанда, Қазақстан халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болды, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілді.

«Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өз құқығын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып отыр.

Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді. Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық емес. Бұл мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Сондықтан мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп, әрекет етуі керек. Сыбайлас жемқорлық көріністерін алдын алу және жол бермеуі бойынша ерекше назар аудара отыра, бөлімнің қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке тәрбиелеу, сыбайлас жемқорлық көріністеріне нөлдік төзімділік деңгейін қалыптастыру мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сыбайлас жемқорлық көріністерін алдын алу мақсатында, тоқсан сайын Түркістан  қаласы әкімдігінің «Инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімі» мемлекеттік мекемесі «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау» жүргізеді. Жемқорлықты жою – еліміздің фундаменталды құндылығы – тәуелсіздігімізді нығайтатын негізгі шарттардың бірі. Өзара сенім, жауапкершілік пен серіктестік негізінде мемлекет, қоғам және бизнес өкілдерінің бірігуі, қоғамдағы жемқорлыққа қарсы пікір мен құқықтық сананы қалыптастыру еліміздегі жемқорлық деген әлеуметтік мәселені жоятынына күмән жоқ.

Айта кетейік, өткен жылы «US News» журналы сыбайлас жемқорлық аз елдердің рейтингін жариялаған болатын. Онда Қазақстан тізімнің соңында – 87 елдің арасында 75-ші орында болды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының кеңесшісі Арман Тілеукенов бұл жаңалыққа қатысты Facebook-тегі парақшасында пікір білдірді. Арман Тілеукенов америкалық журнал жүргізген сауалнаманы зерттегенін жазды. Оның айтуынша, сауалнама жемқорлықтың жай-күйі бойынша ресми түрде бар рейтинг ретінде ұсынылмаған. «Әріптестерім неліктен бұл рейтинг аталған елдердегі сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтайды деген қорытындыға келгенін білмеймін. Ол мемлекеттердің сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау әдістемесіне негізделмеген және мұндай мақсатты көздемейді. Бір қызығы, бағаланған елдердің тізімінде небірі 87 мемлекет бар. БҰҰ-ға мүше 190-нан астам мемлекет болса да, қалған елдердің бұл тізімнен неліктен шығарылғанын тек сауалнама авторлары ғана біледі» деп жазды ол.

Ол сондай-ақ сауалнама 10 санат бойынша жүргізілгенін атап өтті. «Бірақ «туризм», «бизнеске ашықтық», «озық» категориялары түсінікті, ал сыбайлас жемқорлық деңгейін «сексуалды» шкаласы бойынша қалай анықтауға болады? Сауалнама авторларының бағасына қарағанда, біз сексуалды халық емеспіз, бұл шкала бойынша бар болғаны 3,7 пайызға бағаландық. Төмендегі скриншоттарда сандар көрсетілген» деп жазды ол. Ол тағы бір маңызды фактіні атады. Яғни 87 мемлекетті бағалауға небәрі 36 елдің тұрғындары қатысқан. «Яғни респонденттердің арасында 51 елдің азаматы жоқ. Бұл сауалнамаға қатысқандар Қазақстанға мүлдем келмеген болуы мүмкін дегенді білдіреді. Ал баға тек үшінші тұлғалардың сөздерінен немесе ашық дереккөздерден, оның ішінде «Борат» фильмінен алынған ақпарат арқылы берілген» деп санайды пост авторы. Оның айтуынша, рейтинг елдердің сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау үшін емес, елге туристік мақсатта әлеуетті бару немесе мұнда тұру мүмкіндігін бағалау үшін жасалған. Сондай-ақ автор қазіргі кезде бірде-бір рейтинг елдегі сыбайлас жемқорлықтың нақты деңгейін бағаламайды, тек сол немесе басқа адамдар тобының оны қалай қабылдайтыны туралы ақпарат береді деп қосты. «Сыбайлас жемқорлықты қабылдауды бағалаудың жаһандық институттары бар – олар Транспаренси Интернешнл сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі, Дүниежүзілік банктің сыбайлас жемқорлықты бақылау индексі, сыбайлас жемқорлықтың болмауы туралы заңның үстемдігі индексі. Бұл ретте, US News рейтингімен салыстырмалы талдау көрсеткендей, жекелеген елдердің бағалануы бір-біріне мүлдем қарама-қайшы. Мәселен, бұл рейтингте 75-ш орында тұрған Қазақстаннан Мысыр (47), Украина (48), Филиппин (56), Әзербайжан (62), Өзбекстан (68), Гондурас (70) жоғары тұр. Ал Транспаренси Интернешнл сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 101-ші орында, ал Мысыр 130-шы, Украина және Филиппин 116-шы, Әзербайжан 157-ші, Өзбекстан 126-шы, Гондурас 157-ші орында, яғни бұл елдер әлдеқайда төмен көрсеткішке ие» деп түсіндірді Арман Тілеукенов.