СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ КЕЛЕЛІ ЖИЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ

3558
0

Елдің дамуына, қоғамның алға жылжуына тосқауыл болатын бірқатар әрекеттер бар. Солардың қатарына жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты қосуға болады. Бұл әрекет ұлттық қауіпсіздікке, әрбір отбасының амандығына, керек десеңіз, балаларымыздың жарқын болашағына қатер төндіреді. Жалпы бұл үрдіс бізге ғана емес, күллі жаһанға ортақ мәселе десек, артық айтқанымыз емес. Тек әр елдегі жағдай жемқорлық фактілерінің ауқымы бойынша ғана ерекшеленеді. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық дамуды, инвестиция тарту процесін тежейді. Сонымен қатар нарықтық экономиканы құруға үлкен кедергі болады. Бұл ғана емес, демократиялық мемлекеттің, азаматтық қоғамның дамуын шектейді. Сондықтан да елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары қарқынды жүргізіліп келеді.

Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 34-тармағына сәйкес Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің жаңа үлгілік қағидалары бекітілген болатын. Осы құжаттың негізінде еліміздің әрбір өңіріндегі жергілікті атқарушы билікте жұмыс топтары құрылып, талдау жүргізілді. Ол қатарда Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты бөлімдер де бар. Жалпы сыбайлас жемқорлық демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізіп, елдің болашақ дамуына үлкен қауіп төндіреді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстандағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып белгіленген. Осы орайда, жуырда Түркістан қалалық әкімдігінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары бойынша мәжіліс өтті. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Байдулла Оразбековтің төрағалығымен өткен жиынға қалалық қоғамдық кеңес мүшелері, дербес бөлім басшылары қатысты. Жиында қалалық Заң бөлімінің басшысы Сабыржан Садуақас жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелерін баяндады.

Жиынды қорытындылаған мәжіліс төрағасы Байдулла Оразбеков мемлекеттiк қызметшiлердi лауазымдық мiндеттерiн үлгілі, мінсіз атқаруға шақырып, мемлекеттік қызметте тиімді, нәтижелі жұмыс жүргізіп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Айта кетейік, елімізде сыбайластыққа барып, қазына қаржысын қалтаға басқандармен күрес күшейіп келеді. Биылғы жылдың өзінде бірқатар лауазымды қызметті атқарған азаматтар темір торға түсті. Жалпы соңғы уақыттағы көрсеткіштерді саралайтын болсақ, Қазақстанда сегіз жылда 7 539 адам сыбайлас жемқорлық бойынша жазаға тартылыпты. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің хабарлауынша, 2016 жылы 903 жемқор сотталған. Ал былтыр 916 адам сыбайлас жемқорлық бойынша жауапкершілікке тартылған. Жемқорлар бойынша, ең көп сот үкімі шыққан жыл – 2018 жыл, яғни, ол уақытта 1 079 адам сотталған. Мұның өзі елімізде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтиже беріп жатқанын айғақтайды. Жалпы заңды білу – заман талабы. Сондықтан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мен құқықбұзушылыққа қарсы қоғамдық сананы жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, жыл басынан бері ақпараттық-насихаттық топ еліміздің түкпір-түкпірінде құрылып, жастар мен кәсіби мамандарға, қала берді мемлекеттік қызметшілерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заң талаптарын тарқата талдап келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын айта кеткеніміз жөн.