МАУСЫМДАҒЫ СОҢҒЫ ҚОЙЫЛЫМ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫНА АРНАЛДЫ

1830
0

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін өзекті түйткіл. Сондықтан да елімізде бұл мәселемен күресте ауқымды шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде күрес шаралары ресми органдар тарапынан қарқынды жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қоғам санасына шырмалған ескі түсініктерді тию мақсатында да бірқатар тың бастамалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде өнер мен мәдениетте де сыбайлас жемқорлық тақырыбының жиі қозғалып жатқанын айрықша айта кетуге болады. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.

Жуырда ғана Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрынының XXIV маусымы ресми түрде жабылған болатын. Маусым соңында мәдени орда сахнасында жуырда ғана тұсауы кесілген драма «Жалғыз желкен» қойылымы сахналанды. Аталған туындыны тамашалауға облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сонымен қатар түркістандық тұрғындар мен қала қонақтары келді. Әлдихан Қалдыбаевтың пьесасы негізінде қойылған қойылымның сюжет желісі қат-қабат құбылыстар мен оқиғалардан тұрады. Бас кейіпкер – 49 жастағы облыс әкімі. Сәйкесінше, оқиға желісі де дәл осы кейіпкердің айналасында өрбиді. Шығарманың басты мақсаты – сыбайлас жемқорлыөпен күрес. Бұл пьесаны театрдың қоюдағы мақсаты – сахна арқылы қоғамда кең тараған парақорлықты, жемқорлықты көрсету, яғни қоғамға рухани ой салу арқылы  жемқорлықтың тамырына балта шабу. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта біз сөз етіп отырған мәселе күллі қоғамға ортақ. Ал театр – мәдени орта. Содан да болар, елдегі мәдениет пен өнер қоғамда болып жатқан құбылыстардан алшақтап кетпейді. Керісінше, әлеуметтің өзегінде қайнаған экономикалық немесе саяси, діни, әлеуметтік құбылыстарға өзіндік бағасын береді. Сондықтан да бұл туындының сахнаға шығуы – қалыпты құбылыс.

Айта кету керек, біз сөз еткен қойылымды сахналауға көптеген кәсіби һәм тәжірибелі мамандар атсалысты. Атап айтар болсақ, қойылымның жарық жөніндегі суретшісі – Жанболат Рсимбетов, қоюшы суретші – Қанат Шериев. Композиторы – Қанат Жұмабаев.  Тәжірибелі маман, костюм жөніндегі суретші – Меруерт Сейсембекова.  Гримм бойынша суретші – Қарлығаш Сапарханова. Басты рөлдерде Жасұлан Тұрғанбаев, Бағлан Төлендиев, Мұрат Құрманбеков, Шәкен Амантұров, Айдар Наурызбаев, Рауан Шырынбеков, Талғат Қарынбаев, Бақдәулет Шаймахан, Қанат Садықбеков, Нұржан Ізтаев, Жандос Маханов, Ғалымжан Жакипов, Ерқайрат Бимурзаев, Ғалымжан Бейсенбаев, Олжас Сәрсенов, Дәурен Жанәділов сынды таланттар ойнайды. Енді облыс орталығындағы қара шаңыраққа айналған театр ұжымы XXV маусымды қыркүйек айында ашып, көрермендерді қуантпақ.