ТАМЫЗ, ҚЫРКҮЙЕК АЙЛАРЫНДА 54 ЕЛДІ МЕКЕНДЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САНАҒЫ ӨТЕДІ
2025 жылы өтетін ауыл шаруашылығы санағына дайындықты пысықтау үшін 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында 54 елді мекенде пилоттық санақ жүреді.
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы ұйымдастырған онлайн сессияда айтылды. Биылғы пилоттық санақ өтетін 54 елді мекеннің ішінде ауылды елді мекендер де, қалалар да қамтылған.
«Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы – 2025 жылғы негізгі ауыл шаруашылығы санағына дайындықтың маңызды кезеңі. Ол таңдалған әдістеменің дұрыстығын және ақпараттық жүйелердің дайындығын тексеруге мүмкіндік береді», — дейді Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенова.
Іс-шараға статистика мамандарынан бөлек Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс әкімдіктерінің, салалық қауымдастықтар мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысып, алдағы санақтың әдіснамасы туралы сұрақтарына жауап алды.
Айта кету керек, ауыл шаруашылығындағы ресми статистиканы нөлден бастау керектігі туралы пайымдар талайдан бері айтылып келеді. Кейінгі 1-2 жылдың көлемінде мұндай бастаманы салалық министрлік те қолдайтынын білдіріп келеді. Бұл санақ халықтың қолындағы, шаруашылық нысандардағы малдың басын ғана емес, диқандардың иелігіндегі жер телімдерінің көлемін, шаруашылықта қолданылатын техника мен жабдықтардың, қондырғылар мен құралдардың, қоймалар санын, ондағы астықтың көлемін, тұқымның қорын нақтылауға бағытталмақ.