ӨНДІРІС, ТЕХНОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЖАРЫҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕЛЕРІ БІРЛЕСКЕН ДАМУҒА ЖОЛ АШАДЫ

Түркістан облысы Қытай Халық Республикасымен арадағы экономикалық және технологиялық байланысты жаңа деңгейге көтеруде. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Шаньдун провинциясының Линьи қаласына жұмыс сапары аясында өңірге озық технологияны трансферттеу, инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу бағытында бірқатар стратегиялық кездесулер өткізді.

Бұл сапар Түркістан облысының инфрақұрылымын жаңғырту, өнеркәсіптік әлеуетін арттыру және халықтың өмір сапасын жақсарту мақсатындағы нақты қадамдардың бастамасы болды. Делегация сапары барысында өңір үшін маңызды саналатын бірнеше өндіріс орындарының жұмысы зерделенді. Соның ішінде электр желілері мен қоғамдық жарықтандыру жүйелеріне арналған металл тіректер өндіретін зауыт, көше шамдары мен LED технологиясына негізделген жарық жабдықтарын шығаратын компаниялар, күн сәулесін электр энергиясына айналдыратын жарықдиодты шамдар шығаратын зауыт бар. Бұл кәсіпорындар экологиялық тиімді, энергия үнемдейтін шешімдерді ұсынуымен ерекшеленеді. Қалалар мен өндірістік аймақтарды жарықтандыруда қолданылатын бұл жүйелер – ұзақмерзімділік, қауіпсіздік және үнемділік тұрғысынан тиімді. Нұралхан Көшеров бұл технологиялардың Түркістан облысында салынып жатқан жаңа зауыттар мен өндірістік парктерде қолданылуын қолдайтынын білдіріп, жауапты басқарма мен әкімдік бөлімдеріне нақты тапсырмалар берді. «Инфрақұрылымды жаңғыртуда шетелдік тәжірибе мен технологияны тиімді пайдалану – басты басымдық. Энергияны үнемдейтін және қолжетімді шешімдерді өңірімізге енгізу арқылы тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырамыз», – деді аймақ басшысы.

Өңірде инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. 2023 жылы – 21 000-нан астам көше шамы орнатылған (оның ішінде 14 000-ы – мемлекеттік бюджет есебінен, қалғаны – демеушілік көмектермен). 2024 жылы – қосымша 7 522 көше шамын орнату жоспарланған. Бұл – тек жарықпен қамтамасыз ету ғана емес, қауіпсіздік пен өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыс. Қытайлық LED-жүйелер мен металл тіректерді қолдану – шығынды азайтып, сапаны арттыруға мүмкіндік береді. Сапар аясында делегация «Shandong Huasheng Zhongtian» ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауытпен және көрме орталығымен де танысты. Мұнда әмбебап бензин қозғалтқыштары, бақша және орман шаруашылығына арналған техникалар, ауыл шаруашылығына бейімделген инновациялық құрал-жабдықтар ұсынылды. Мұндай заманауи техника өнімділікті арттырып, еңбек шығынын азайтады. Облыс басшысы Түркістан агросаласын технологиялық қайта жарақтандыруға ниетті екенін білдіріп, бірлескен жобаларды іске асыруға ашық екенін айтты. Сапардың маңызды тұстарының бірі – смарт капсулалы үйлер мен модульдік инфрақұрылым құрылымдарын өндіретін әлемге танымал «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» компаниясының жұмысымен танысу болды.

Қазіргі таңда «BNK GROUP LTD» ЖШС және «Shandong Kamoya» арасында капсулалы үйлерді Түркістанда жинау және өндіру бойынша серіктестік басталып кетті. Алғашқы дайын өнімдер Түркістан өңіріне жөнелтуге дайын. Жақын арада бұл үйлер «KHAN TAU» брендімен өңірдегі туристік аймақтарда қолданысқа енеді. Капсулалы үйлердің артықшылықтары — жер телімін рәсімдеуді қажет етпейді, орнату уақыты қысқа, энергияны үнемдейді, панорамалық терезелер, санитарлық торап, ас үй, кондиционер, «ақылды үй» жүйесі бар, 50 жылға дейін пайдалануға жарамды. Бұл – туризм мен инфрақұрылымды ұштастыратын инновациялық шешім. Сонымен қатар, өндірісті жергілікті жерде жолға қою – жаңа жұмыс орындарын құруға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Қорытындысында Түркістан облысы мен Шаньдун провинциясының бірқатар компаниялары инвестициялық әріптестікті кеңейту, жаңа өндіріс орындарын ашу, технология трансфері, кадр даярлау мен тәжірибе алмасу бойынша нақты ұсыныстармен алмасып, келіссөздер жүргізді. Нұралхан Көшеровтің Қытайға сапары Түркістан облысы үшін инвестициялық, технологиялық және өндірістік әлеуетті арттырудың нақты алаңына айналды. Облыс әкімдігі бұл бастамаларды тек шетелдік әріптестікпен шектемей, оны өңірдің экономикалық дамуына нақты бағыттап отыр. Жаңа зауыттар, заманауи жарық жүйелері, ауыл шаруашылығы техникасы мен туристік инфрақұрылым – бұның бәрі Түркістанның келешегіне салынған стратегиялық инвестиция.