ЖАСТАРҒА ҚҰНДЫ КЕҢЕСТЕР БЕРІЛДІ

11
0

Биыл мыңдаған түлек мектепті бітіріп, үлкен өмірге қадам басты. Ұлттық біріңғай тестілеу тапсырып, мемлекеттік білім грантына үміткер ретінде тіркелді. Оның жауабы да белгілі. Енді олар мамандық меңгеру сынды маңызды міндетті орындауға кіріседі. Қош делік, қазіргі уақытта мектепті бітіргендермен қатар жоғары оқу орындарын тәмамдап, дипломдарын қолына алған мыңдаған жас маман барын да ұмытпауымыз тиіс. Олар да енді жұмыс іздеу мен жұмыс істеу сынды мәселемен басын қатырады. Осындайда тәжірибесі жоқ жастар түрлі алаяқтардың арбауына түсіп жатады. Бұл ғана емес, сыбайластық жемқорлық сынды заңға қайшы келетін әрекетке жүгінетіндер де бар. Сондықтан мұндай мәселемен бетпе-бет келетіндерге түсіндірме жұмыстарын жүргізудің маңызы айрықша. Ал бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан қаласында белсенді түрде жүзеге асып келе жатыр. Тарқатайық…

Бүгін Түркістан қалалық жастар ресурстық орталығы ғимаратында жастарды мемлекеттік қызметке тарту, кәсіптік бағыт-бағдар беру, құқықтық көмек көрсету мақсатында, жастармен кездесу өтті. Аталған маңызы зор бастаманың ұйымдастырылуына мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мұрындық болды. Келелі кездесуге Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшы орынбасары Ескулов Пердебек Сержанұлы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы Төлегенқызы Гүлмира мен ҚР мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Суртеков Дархан Әшірханұлы облыстық, қалалық жастар орталығының мамандары және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін аяқтаған түлектер қатысты. Жиын барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департамент басшысы Дархан Әшірханұлы қызметкер орналасу, жұмысқа қабылдау барысындағы талаптар мен міндеттер, бос жұмыс орындарын іздеу тетіктері, туындайтын түрлі мәселелерде қалай әрекет ету керегі, заңсыздықпен күрес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен алаяқтық әрекеттерден аулақ болу сынды маңызды да жауапты тақырыптар төңірегінде кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиын барысында айрықша қаузалған тақырыптардың бірі – сыбайлас жемқорлық. Бұл жөнінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті Гүлмира Төлегенқызы кеңінен ақпарат беріп өтті. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың қоғамға келтіретін зияндарын атап айтып, заң алдындағы жауапкершілік жайын сөз етті. Өз сөзінде маман «Сыбайлас жемқорлыққа қоғам болып қарсы тұруымыз қажет, бұқара көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көрністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс» дей келе, ақыл-кеңестерін айтты.

Бұдан кейін жастарға кезек берілді. Онда жиынға қатысушы түлектер көкейде жүрген сауалдарын қойып, сала мамандарынан кеңестер мен бағыт-бағдар алды. Қатысушылардың бірі мемлекеттік қызметтің талаптары турасында білгісі келсе, енді бірі жұмыс табуға көмектесетін мемлекеттік бағдарламалар бойынша туындаған сауалдарын төтесінен қойды. Сәйкесінше, спикерлер әрбір туындаған жауал бойынша нақты жауаптар берді. Айта кету керек, бұған дейін Түркістан облысының Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігімен 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспары бекітілген жұмыстарды орындау мен межелі көрсеткіштерге жету жолдары турасында арнайы жиын өткен еді. Аталған шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің өкілі, ҚР Қаржылық мониторинг агентігінің Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі, Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық  әкімшілік сотының өкілі, Облыстық прокуратура, Полиция департаментінің өкілі, Мемлекеттік кірістер департаменті, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Жеке сот орындаушыларының Өңірлік палатасының өкілдері қатысты. Нәтижесінде құқық қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайы тарқатылып, мәселелер сөз болды. Айтылған деректерге ойыссақ, Түркістан облысы Әділет департаментінің Сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімімен Мемлекеттік және жеке сот орындаушылардың іс-әрекетіне қатысты түсетін талап-арыздарды азайту шараларына сәйкес тексеру нәтижесінде 2024 жылы 4 жеке сот орындаушы лицензиясынан айырылды, 2 жеке сот орындаушының лицензиясы уақытша тоқтатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірде қарқынды түрде жалғасатыны да мәлім болды.